Қазір елдегі 403 мектепте асхана жоқ
Премьер-министр Олжас Бектенов мектеп оқушыларын тамақтандыру сапасын қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері тарапынан үйлестіру мен бақылау әлсіз.
"Мен барлық мектеп асханасына санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мониторинг жүргізуді, сондай-ақ персоналдың жұмыс істеуге рұқсаты бар-жоғын, жарамдылық мерзімдері мен тамақ өнімдерін сақтау шарттарының сақталуын тексеруді тапсырған болатынмын. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан тапсырманы орындау созылып кетті. Бұдан басқа, әкімдіктер мектеп асханаларын жаңғырту және жарақтандыру бойынша тиісті жұмыс жүргізбейді. Қазір 403 мектепте асхана жоқ, сондықтан балалар ыстық тамақпен толыққанды қамтамасыз етілмеген», - дейді Бектенов үкімет отырысында.
Ол мектептегі, әсіресе шағын және шалғайдағы мектептерде қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыру мәселесінде толық тәртіп орнату қажет деп санайды. Тамақтану сапасын жақсарту және жеткізушілердің жауапкершілігін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау керек.
«Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері сарапшылар мен ғалымдарды тарта отырып, жыл соңына дейін үлгілік перспективалық мәзірді қамтитын, оның ішінде асханасы жоқ мектептерге арналған Тамақтану стандартын қабылдасын. 2015 жылдан бастап мектептегі тамақтандыру «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның аясынан шығарылды. Оқу-ағарту және Қаржы министрліктері міндетін адал атқармаған жеткізушілер тізілімін автоматтандырып, осындай сатып алуға қатысушылардың әкімшілік жауапкершілігін белгілеу жөнінде шаралар қабылдасын», - деді премьер-министр.
Бектенов қазір 1 балаға арналған тамақтану құны орта есеппен 500 теңгеден аспайтынын атап өтті. Ол әкімдіктерге жыл соңына дейін инфляция деңгейін ескеріп, тамақтану құнын арттыру бойынша қаражат бөлуді тапсырды.
Бұдан бөлек, Бектенов мектеп асханаларының материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесін ерекше бақылауға алу туралы тапсырма берді.