Алғаш рет әуе кемесімен оқу-жаттығу өткізу жоспарланып отыр
Астана қаласының өрт сөндірушілері көпқабатты үйлердегі тұрғындарды өрт кезінде тікұшақпен эвакуациялауды үйренеді. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айтуынша, құтқарушылар оқыту мен жаттығулар арқылы халықты төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет етуге үйретеді.
«Мысалы, тұрғындарды іс жүзінде эвакуациялай отырып, көпқабатты үйлерде шартты түрде өрт болған жаттығулар өткіземіз. Республика бойынша барлығы 250-ден астам осындай оқу-жаттығу өткізілді. Астана қаласының зәулім үйлеріндегі тұрғындарды эвакуациялауға тікұшақ пайдалана отырып жаттығу өткізуді алғаш рет жоспарлап отырмыз», - деді Әрінов үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, бұл жұмыс азаматтарды өрт кезінде өзін-өзі құтқару дағдыларына кезең-кезеңмен үйретеді, осылайша қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттырады.
Осыған дейін ТЖ министрі елімізде биік ғимараттарда өрт сөндіру үшін алғаш рет дрондар қолданылатынын мәлімдеген болатын.