Сархат Бейсенова Қазақстанның Бас санитар дәрігері болды

Автор: Темірхан Айжан

Бұл қызметті 2024 жылдың шілдесіне дейін Айжан Есмағамбетова атқарды 

Фото: Үкімет

Сархат Бейсенова Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сархат Бейсенова 1972 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын, Тұран-Астана университетін бітірген. 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы болған.

Ол еңбек жолын 1989 жылы Ақмола облыстық онкология диспансерінде санитар болып бастаған. 

2015-2017 жылдары — Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Астана қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары болды.

2017-2019 жылдары — Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары болып қызмет атқарды.

2019-2020 жылдары — Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Астана қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары болды.