АЭС салу үшін Үлкен ауылы таңдалды: министр оның себебін түсіндірді

Автор: Молдатай Сымбат

Үлкен ауылы Алматы облысында Балқаш көліне жақын жерде орналасқан

Фото: gov.kz

АЭС салу үшін Алматы облысындағы Балқаш көліне жақын орналасқан Үлкен ауылы таңдалды. Үкіметтегі баспасөз конференциясында мұның себебін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев журналистерге айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Үлкен ауылында атом станциясын орналастыру туралы шешім қабылданды. Бұл миссияны барлық мүдделі тараптардың, сарапшылардың талқылауынан кейін қабылдадық, оның қорытындысы бойынша Үлкен ауылында құрылысқа байланысты ешқандай жағымсыз жайттар жоқ деген қорытынды жасалды», - деді министр.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Балқаш ауданында АЭС салу – Кеңес заманында қабылданған шешім.

«Балқаш көлі ауданы КСРО кезінде атом электр станцияларын салу үшін ең қолайлы болып анықталды. Бұл алаңның бірегейлігі экономиканың дамуына байланысты. Дәл осы жерде жоғары вольтты электр желілерінің топографиясы, Қазақстанның оңтүстігінде жүктеме орталығының болуы маңызды. Сондай-ақ, Балқаш ауданындағы құрылыс Қарағандыда энергия тапшылығының жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы технологиялар физикалық, техникалық, ядролық, экологиялық қауіпсіздік жүйелерін қолдану бөлігінде бірегей. Яғни, жобалау кезеңінде қосымша технологиялық және биологиялық зерттеулер жүргізіледі», - деді ол.

Айта кетерлігі, қалалық типтегі Үлкен ауылы Алматы облысының картасында 1984 жылы пайда болды. Ол Алматыдан 320 шақырым қашықтықта орналасқан. 1986 жылы бұл ауыл Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының құрамынан бөлініп, Алматы облысы Күрті ауданына берілді. Сол кезде ауылға Үлкен деген атау берілген.