Су тасқыны: премьер-министр үй сапасы үшін әкімдер жеке жауап беретінін ескертті

Автор: Azattyq Rýhy

2,5 айда қираған үйлерді қалпына келтіру мүмкін бе

Фото: Amanat партиясы

Премьер-Министр Олжас Бектенов су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Су тасқыныынан 19 342 жылжымайтын мүлік зақымданды, оның 8 578-і қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Бүгінгі таңда 2 578 үй құрылысы мен 6 мың жылжымайтын мүлік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Премьер-Министр СҚО-да 200, Павлодар облысында 5 жаңа үй құрылысының жедел жүргізілгенін атап өтті. Сондай-ақ жуырда Қостанай облысында 22 үй тапсырылады. Әкімдіктер қажетті қаржымен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар жекелеген өңірлерде жұмыс кестесінен 15-25 күнге артта қалушылық бар. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола және Атырау облыстарында құрылыс қарқыны төмен.

Үкімет басшысы әкімдерге Президент жүктеген міндеттерді орындау үшін шамамен 2,5 ай қалғанын еске салды.

«Кестеден кешігуге әкеліп соғатын барлық проблемалар туралы дереу орталыққа хабарлау керек. Қажет болса, біз ресурстарды қайта бөліп, техника мен адамдарды көбейтеміз. Барлық құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселелер азаматтарды алаңдатпауы керек. Өңірлердің әкімдері үйлердің сапасына жеке жауап береді», — деп атап өткен Олжас Бектенов, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды тапсырды.

Жергілікті жолдарды жөндеуге және реконструкциялауға Үкімет резервінен 22,7 млрд теңге бөлініп, зардап шеккен өңірлердегі мектептерді қалпына келтіруге 7,5 млрд теңге бағытталды. Барлық мектеп оқу жылы басталғанға дейін қалпына келтіріледі.