$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.07.2024, 15:07
Үкімет

Бес айда экономиканың бірқатар саласы артта қалды

Үкіметте Экономикадағы өсімді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб отырысы өтті

Бес айда экономиканың бірқатар саласы артта қалды
Фото: t.me/KZgovernment/

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың төрағалығымен Экономикадағы өсімді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб отырысы өтті. Бірінші жартыжылдықтағы экономика салаларының даму көрсеткіштері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өткен жылмен салыстырғанда ақпарат және байланыс саласында (8,7%), құрылыста (8,6%), көлікте (7,3%) тұрақты өсімге қол жеткен. Бес айдың қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда салаларында өсу қарқыны жақсарған.

Сонымен қатар ОПЕК+ міндеттемелері шеңберінде мұнай өндіру көлемінің қысқаруына және су тасқыны кезеңінен кейін жүргізіліп жатқан қалпына келтіру жұмыстарына байланысты бірқатар сала біршама артта қалып отыр.

«4 айлық бәсеңдеуден кейін маусымның қорытындысы инвестицияларды жұмылдыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау, іскерлік белсенділікті ынталандыру шаралары, сондай-ақ құрылыс, автожол, ауыл шаруашылығы салаларындағы алдағы белсенді кезең есебінен экономиканың өсу траекториясына шығуына негіз қалады», — деді Нұрлан Байбазаров.

Жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісінің көлемін ұлғайту, сондай-ақ азық-түлік өнімдері саласында және тағы басқа жұмыстар жалғасып жатыр.

Құрылыста жұмыс көлемі бес айдағы 8,1% көрсеткішпен салыстырғанда өсіп, 8,6% болды. Қарастырылып отырған кезеңде 7,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1%-ға артық. Қолданыстағы жеңілдікті және жалға берілетін бағдарламалар мен жаңа тұрғын үй бағдарламалары («Отау», «Наурыз») шеңберінде 54,2 мың отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға тиіс.

Кеңесте инфляция мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл ретте азық-түлік тауарлары бойынша инфляция 5,4%, ал өзге тауарлар бойынша 7,4% болды.

Жарты жыл ішінде жалпы сомасы 151 млрд теңгеге 18 жоба іске қосылды, оның 122,7 млрд теңгесі шетелдік инвестициялардың қатысуымен жұмысты бастады.

Отырыс қорытындысы бойынша экономиканың барлық саласында жоспарланған көрсеткіштерден төмен емес деңгейде өсімді қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Серіктес жаңалықтары