Қазақстандағы ең ұзын автомобиль тоннелі дайын болды

Автор: Нұргүл Абай

Орталық және солтүстік өңірлерді «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізімен қосатын автожол да ашылады

Фото: istockphoto.com

Қазақстандағы ең ұзын тоннель осы шілде айында пайдалануға беріледі. Бұл туралы үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министр биыл аяқталатын бірнеше маңызды жобаға тоқталды.

«Бірінші, Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы Қазақтандағы ең ұзын автомобиль тоннелі (840 м.) шілде айында пайдалануға беріледі. Тоннелдің ашылуы қыс мезгілінде жүргізушілерге кедергісіз жүруге мүмкіндік береді. Екінші, Алматы агломерациясы үшін транзиттік маңызы зор ұзындығы 6 шақырым Шамалған станциясындағы автомобиль жол айрығы қыркүйек айында іске қосылады», - деді Қарабаев.

Үшінші, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізімен байланыстыратын 262 шақырымдық «Мерке-Бурылбайтал автожолы ашылады.

Төртінші, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан 1 мың 300 метрлік көпірдің құрылысын да осы жылы аяқтау жоспарланған. Жазда паром арқылы, қыста мұздың үстімен жүретін тұрғындар үшін көпірдің ашылуы қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етеді.

«Ол Шығыс Қазақстан облысындағы 4 ауданды бір бірімен байланыстырады. Бұл тарихи жоба 60 жылдан бері талқыланып келе жатқан еді. Ал қазір жоба Мемлекет басшысының тиісті шешімінің арқасында іске асырылып, жыл соңына дейін елдің иелігіне тапсырылады», - деп сендірді ведомство басшысы.

Бесінші, Батыс Қазақстанның шалғайындағы Бөкей Ордасы туристік аймағын дамыту үшін ұзындығы 245 шақырым болатын Казталовка-Жәнібек және Өнеге-Бисен-Сайқын автомобиль жолдарының күрделі жөндеу жұмыстары да осы жылдың соңына дейін толықтай аяқталады.