Еліміз бойынша коронавирустың өршуі 4,5%-ға төмендеген
ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев коронавирустың өршуі еліміз бойынша 4,5%-ға төмендегенін айтты. Дегенмен, кей аймақтарда өсім 50%-ға жоғарылаған.
«Бүгінде COVID-19 жұқтырған 2791 адам тіркелді. Коронавирус анықталғандардың 70%-ы немесе 1957-і – науқастармен байланыста болған кісілер. Жергілікті жағдайлар – 17% немесе 473. Басқа мемлекеттен ауырып келгендердің үлесі – 11% немесе 302 сырқат. Өткен тәулікте 116 жаңа жағдайлар тіркелді. Өсім – 4,5%. Өткен аптада өсім 4,5-8% аралығында болған. Бұл өсім наурыз айымен салыстырғанда тұрақталып келеді деп айтсақ болады. Алайда, кейбір қалаларда өткен аптадағы өсім 50%-ға дейінгі жоғарылықты көрсетті», - деді ол Денсаулық сақтау министрлігі алаңындағы сұхбатта.
Ал 682 адам жазылып, үйлеріне қайтарылған. Жасанды тыныс алу аппаратында ауыр жағдаймен 15 адам жатыр. Науқастармен байланысқа түскен 47839 адамның 98,5%-ын анықталып, үй карантиніне жатқызылған.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан