Ең төменгі жалақы мөлшерінен аз төлеу – заңсыздық
Егер жұмыс беруші ең төменгі жалақыдан төмен төлесе, заң бойынша не күтіп тұр? ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстанда ең төменгі жалақы – 85 мың теңге, заңға сәйкес жұмыс берушінің 8 сағаттық толыққанды жұмыс күні үшін осы сомадан аз төлеуге құқығы жоқ.
Алайда, аз ақша табатын қазақстандықтар бар, ал Аzattyq rýhy тілшісі премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға түсініктеме алу үшін жүгінді.
«Мәселе неге минималды жалақыдан аз төленетінінде. Жарты ставкада істесе ғана 85 мың теңгеден аз төленуі мүмкін. Ал, егер сіз сегіз сағат жұмыс істесеңіз, ешқандай жұмыс беруші одан аз төлей алмайды. Сіз жұмыс берушіге барған кезде, келісімшартты оқып, қол қоюыңыз керек. Заң бәріне бірдей», - деді Дүйсенова.
Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов ЕТЖ (ең төменгі жалақы) азаматтардың лайықты өмірін қамтамасыз етуге жеткіліксіз деп санайды.
«ЕТЖ өсуімен бірге еңбек өнімділігі де өсуі тиіс. Егер еңбек өнімділігі болмаса, онда біздің нарықтың бәсекеге қабілеттілігі жоқ. Жалпы, мен ең төменгі жалақының кезең-кезеңімен өсуін қолдаймын», - деді Ұлттық банк басшысы.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева да осы мәселеге қатысты пікірін айтты.
«Ең төменгі жалақы мөлшері бұрын белгілі бір әдістемелік ұсыныстарсыз қабылданған, яғни бұл жұмыс берушілер үшін және жалпы жұмысшылар үшін күтпеген жағдай болды. Бүгінде әдістеме қабылданды, енді бұл өлшем жыл сайын қайта қаралады деп үміттенеміз», - деді депутат Azattyq Rýhy тілшісіне.