Келесі жылы су тасқыны бола ма: Қанат Бозымбаев жауап берді (ВИДЕО)

Автор: Azattyq Rýhy

Вице-премьер келесі жылғы жағдайға болжам жасай алған жоқ

видеодан скриншот

Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев «келесі жылы су тасқыны тағы да қайталанбай ма?» деген сұраққа жауап бере отырып, Алланы еске алды, деп хабарлайды Аzattyq rýhy.

Бүгін үкімет отырысынан кейін журналистерге брифинг берген вице-премьер Қанат Бозымбаевқа Аzattyq rýhy тілшісі бірнеше сұрақ қойды.

Оның біріншісі – су тасқынымен күресіп, салдарын жою үшін Ақорда Қанат Бозымбаевты Үкіметке арнайы жіберген бе? Бұл сұраққа жауап берген Бозымбаев үкімет басшысының орынбасары болып келгендегі негізгі мақсаты осындай болғанын растады.

Дегенмен, «премьердің осы мәселелерге жауапты болған орынбасары Роман Скялардың қолынан келмеген дүние менің қолымнан келеді деп отырсыз ғой» деген сұрақты Бозымбаев провокацияға балады.

Ал «келесі жылы қазақстандықтар тағы да үйлерінен айырылып, су тасқыны қайталанбай ма? Сіз биыл ол мәселені шеше алмасаңыз өз еркіңізбен жұмыстан кетуге дайынсыз ба?» деген сұраққа Бозымбаев былай деп жауап берді:

«Отставкаға кетуде тәжірибем бар. Отставкаға күнде кетуге дайынмын. Ал, қазіргі таңда біз баспанасыз қалған кісілерді үймен қамтамасыз етуге бар күшімізді салып жатырмыз. Екіншіден, осындай апатты жағдайды, оның салдарын алдын ала болжау үшін жүйелі жұмыс қалыптастыру керек. Осы мәселені биыл қолға аламыз», - деді Бозымбаев.

Осы ретте Аzattyq rýhy тілшісінің «онда, үкіметтің осы бағыттағы жұмысын үйлестіретін адам ретінде келесі жылы бізде алапат су тасқыны болмайды деп уәде ете аласыз ба?» деген сұраққа Бозымбаев ашулы жауап қатты

«Оны Алладан сұраңыз. Су тасқыны бола ма, болмай ма, оны Алладан сұраңыз, Алла біледі», - деді Бозымбаев.