Қаражат электр беру желілерін қалпына келтіруге жұмсалады
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Үкіметтің төтенше резервінен Қостанай облысында ауқымды су тасқыны салдарынан зақымдалған электр беру желілерін қалпына келтіруге 1,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жөндеу жұмыстары Арқалық қаласында, Амангелді және Жангелді аудандарында жүргізіледі, бұл жергілікті тұрғындарды тұрақты электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Биыл 27 наурызда өзендер мен су айдындарындағы су деңгейінің бірден көтерілуіне байланысты Қостанай облысының оңтүстік аудандары су астында қалды. Соның салдарынан әуедегі электр желілері мен трансформаторлық қосалқы стансалардың тіректері астындағы топырақ шайылып кетті. Бұл олардың зақымдалуына және 37 елді мекеннің тұрғындарын электрмен жабдықтауды шектеуге әкелді. Техникалық тексеріс қорытындысы бойынша 989 зақымдалған тірек анықталды. Бүгінгі таңда барлық ірі елді мекенде электрмен жабдықтау уақытша схема бойынша қалпына келтірілді. Жөндеу бригадалары су тасқынының салдарын мүмкіндігінше тез жою үшін жұмысты жалғастыруда», - делінген ақпаратта.