Смайылов шенеуніктер жайлы: мені алдай алмайды

Автор: Аубакирова Нургуль

Смайылов бағдарламаларды іске асыру кезінде заңбұзушылықтар болатынын мойындады

Фото: gov.kz

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов бұрын үкіметті басқарғандықтан, мемлекеттік органдар оны алдай алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, шенеуніктердің бюджет ақшасын қандай мақсатқа, қандай негіздемемен сұрағаны оған өте жақсы мәлім.

«Біз сол бюджеттік процестер негізінде тиісті қаражатты нақты мәселелерді шешуге белгілеп, бағдарладық. Енді іс жүзінде сол қаражат қаншалықты мақсатқа сай, қаншалықты тиімді пайдаланылғанына бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жауапты. Өкінішке қарай заңбұзушылықтар орын алады. Енді мен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы ретінде осы әкімшілермен кездесіп, аудиторлық жұмыстың негізінде қаражат қаншалықты тиімді пайдаланғанын көруге болады. Олар маған әртүрлі аргумент айта алмайды, неге десеңіз, мені алдай алмайды. Ол ақшаны бөлгенде олар маған келіп, нақты мәселелер айтқан болатын. Нақты аргументтерді келтірген. Сондықтан қазір, керісінше, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы ретінде менде осы сұрауды тиімді жүргізуіме барлық мүмкіндігім бар», - деді Смайылов Мәжіліс кулуарында.

Журналистің «Сонда сізді бұрын алдап қойған кезі болды ма?» деген сұрағына Смайылов басын шайқады.