Бұрынғы премьер-министр қазір Жоғары аудиторлық палатаны басқарады
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов үкіметті басқарған кездегі қызметіне баға бере алмайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс кулуарында Azattyq Rýhy тілшісі өзі басқарған үкіметтің былықтарын ашқан Жоғары аудиторлық палатаның төрағасынан «премьер-министр болған кездегі қызметін 5 балдық шкаламен бағалауды» сұрады.
Алайда Әлихан Смайылов бұл сауалға нақты жауап бермеді. Бағаны «мен емес, президент пен халық беретінін» айтып құтылды.
«Оған баға беретін мен емес. Мен өз-өзіме баға бере алмаймын. Мұны әдетте мемлекет басшысы, парламент және қоғам жасайды», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 5 ақпанда мемлекет басшысы Қазақстан үкіметін отставкаға жіберді. Әлихан Смайылов үкіметті 2022 жылғы қаңтардан бері басқарған еді. Оның орнына премьер-министр лауазымына 43 жастағы Олжас Бектенов тағайындалды.
Ал Әлихан Смайылов сәуір айында Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы болды.