Үкіметтің басты міндеті — локализацияны арттыруға ұмтылу
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр утиль алымын алып тастау ескі көліктердің көбеюіне және экологияның нашарлауына әкеп соғатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанда 20 млн тұрғынға шаққанда 5 миллионнан астам автомобиль бар. Барлық кедергіні, соның ішінде 3 жылдан асқан автомобильдерге тіркеу алымын алып тастау ескі машиналардың елімізге көптеп жеткізілуіне, экологиялық жағдайдың едәуір нашарлауына әкеліп соғады, дейді Скляр.
«Адамдардан “сіз осындай ескі көліктерден бөлінетін зиянды газбен демалғыңыз келе ме?” деп сұрау керек. Барлық пікір ескерілуі қажет. Сондай-ақ біздің зауыттарға барып, онда жұмыс істейтін адамдармен сөйлесуге кеңес берер едім. Кәсіпорындарда локализация өте жоғары, оның ішінде бұл ауылшаруашылық техникасына қатысты: барлық қондырма, тіркеме жабдықтары, кабиналар дәнекерлеу, бояу, кесу, иілдіру бойынша техникалық операциялар жүзеге асырылады. Біздің басты міндетіміз — локализацияны арттыруға ұмтылу. Үкіметтің қазіргі алға қойған мақсаты – елімізге мүмкіндігінше көп пайда әкелу үшін ілеспе өндірістерді құру», - дейді ол Primeminister.kz сайтына берген сұхбатында.
Былтыр отандық автоөндірушілер 142 мың автомобиль шығарған. Осы жаңа көліктерді сатып алғандар утиль алымын төлеген жоқ.
«Біз әрбір азамат өсу бенефициары болатын өз өндірісіміз бен өнеркәсібіміздің дамуын ынталандырамыз», — деп атап өтті Роман Скляр.