Сексен қызметкер сөгіс алған
Былтыр бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғаны үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың 158 қызметкері жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2023 жылы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 489 млрд теңгені қурады», - деді Темірбеков мәжілісте үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстырып.
Тиімсіз пайдаланылған қаражаттың 87,2 млрд теңгесі – квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарындағы қалдық, 143,2 млрд теңгесі – игерілмеген бюджет қаражаты, пайдаланылмаған нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер, 258,5 млрд теңгесі – мемлекеттік аудит және бақылау қорытындылары бойынша анықталған бюджет жүйесі қағидаттарының бұзылуы.
«Бюджет қаражатын тиімді және толық игеру үшін әкімшілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында шаралар қабылданды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірқатар қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деді вице-министр.
Слайдтан байқағанымыздай, 158 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 141- і басшылық лауазымды атқарады. Орталық мемлекеттік органдарда 50 қызметкер, жергілікті атқарушы органдарда 108 қызметкер жауапқа тартылды.
Дәлірек айтқанда, 80 адам ескерту және қатаң ескерту алды, 72 адамға сөгіс және қатаң сөгіс жарияланды, ал 6-уы жұмыстан босатылған.