Смайыловтың қабағы қатулы: ол желге ұшқан 150,4 млн теңгені анықтаған

Автор: Темірхан Айжан

Комиссия өзге қызметкерлердің ақысын жеп, өздеріне сыйлықақылар тағайындаған

Фото: gov.kz

Бюджеттің дұрыс жұмсалуын қадағалайтын комиссияның өзі «ақшаны өз арасында бөліп алумен» айналысқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Былтыр желтоқсан айында Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясының жекелеген қызметкерлері «лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін» 6,5 млн теңге сомаға бірнеше рет сыйақы алған. Жұмысқа қабылданған сәттен бастап бір тоқсаннан аз жұмыс істеген адамдарға да 5 рет сыйлықақы берілген.

Сыйақы іс-сапарға жіберген қызметкерлерге үй жалдауға және басқа да қызметкерлерге беруге тиіс ақшадан алынған.

Бұдан басқа, 2022-2023 жылдары еңбек нәтижесі сапасына қарамастан, тексермей инспекторларға2022 жылы – 4,5 млн теңге, 2023 жылы – 17,2 млн теңге төленген.

Тексеру комиссиясының бассыздық әрекеттерін ҚР Жоғары аудиторлық палатасы әшкереледі. Аудиторлық палата 2022 жылғы 1 қаңтар – 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы уақытты тексерген.

Тиісті тексерудің қорытындысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында қаралды.

Осылайша 150,4 млн теңге желге ұшқан.

ЖАП отырысының қорытындысы бойынша Алматы қаласы Тексеру комиссиясы қызметінің тиімділігін арттыруға тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар берілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті лауазымды адамдардың жауапкершілігі қаралатын болады.

Айта кетсек, Тексеру комиссиялары басқа мемлекеттік аудит органдарына тәуелсіз. Олар қызметі үшін жергілікті бюджет қаражатынан ақша алады. Тиісті облыс немесе қалалық мәслихатқа есеп береді.