Қостанайда су тасқыны кезінде қираған 500-ге жуық үй жөндеуге келмейді - Құмар Ақсақалов

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы ол премьер-министр Олжас Бектеновке хабарлады

Фото: primeminister.kz

Қостанай облысында су тасқыны кезінде қираған 473 үй жөндеуге жарамайды. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq ruhy.

Айта кетейік, Ақсақалов премьер-министр Олжас Бектеновке президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы өңірге жұмыс сапары кезінде берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндама жасаған.

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, әлеуметтік қолдау аясында 4 097 отбасы жалпы сомасы 1,5 млрд теңге көлемінде біржолғы көмек алған.  

«Қостанай облысында зақымданған үйлердің 95%-ы тексерілді, олардың 796-сы жөндеуді қажет етеді, ал, 473 үйді қалпына келтіру мүмкін емес», - деп хабарлап отыр үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкімет резервінен алынған ақшаға  және демеушілер берген  қаражатқа Қостанай мен Арқалық қалаларында зардап шеккен тұрғындар үшін 101 пәтер алынған.  Жангелдин және Амангелді аудандарында «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен 68 жеке тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қостанай қаласында, Қостанай және Қарасу аудандарында демеушілік қаражат есебінен 36 үй салу жоспарланып отыр. Қалған 218 зардап шеккен отбасыға тұрғын үй сатып алу арқылы шығынды өтеу көзделген.