Премьер-министр Экология министрлігі су объектілері мен өзендерде гидробекеттер санын ұлғайтуы қажет деді
Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқынынан кейінгі тазалау жұмыстарын бастау керегін айтып, тапсырма берді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Олжас Бектенов өзендерде су деңгейінің көтерілу деректері бар екенін айтты. Осыған орай ол бірқатар тапсырма берді.
«Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірге су тасқынына байланысты жағдайға бақылауды күшейтуді жалғастырсын. Қажет болған жағдайда шұғыл әрекет етіп, халықты көшіруді қамтамасыз етсін. Қайталап айтамын, керек болса, мәжбүрлі түрде көшіру қажет. Экология министрлігі су объектілері мен өзендерде гидробекеттер санын ұлғайтуы қажет. Өңір әкімдіктері су басқан үйлерді, ғимараттар мен нысандарды тез арада техникалық тексеруді аяқтасын.Су кеткен жерлерде көпке созбай, тасқыннан кейінгі тазарту, дезинфекциялау және қалпына келтіру жұмыстарын бастау қажет», - деді ол.
Бектенов атағандай, өнеркәсіп министрлігі тұрғын үйлерді, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша жергілікті жерлердегі барлық жұмыстарды үйлестіру үшін жедел топ құруы керек.
«Құрылыс және жөндеу жұмыстарының нақты жоспарын жасап, оның барлығын барынша қысқа мерзімде аяқтау қажет. Бұл жағдай бізге инфрақұрылымды жаңартуға, елді-мекендерді көріктендіруге жаңаша көзқарасты қалыптастырады. Оның үстіне Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Баршаңызға Президенттің сөзін естеріңізге салғым келеді, бұл бір реттік акция немесе науқан емес, тұрақты жұмысқа айналуы керек. Елімізді көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізіп отырған жөн», - деді ол.
Үкімет басшысы Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керегін айтты.
«Жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы, оның ішінде өтемақы алу, кредит мерзімін кейінге шегеру, зардап шеккен бизнес үшін салық есебін тапсыру мен салық төлеу мерзімін шегеру туралы және басқа да ақпараттар әрбір азаматтың назарына жеткізілуге тиіс», - дейді ол.