Петропавл маңындағы тұрғындарды шұғыл түрде мәжбүрлеп эвакуациялау басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұндай тапсырманы бірінші вице-премьер Роман Скляр берді

Фото: primeminister.kz

Бірінші вице-премьер Роман Скляр Петропавл қаласы маңындағы аймақтардың тұрғындарын мәжбүрлі түрде эвакуациялауды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Дереккөзіне сүйенсек, Заречный кенті мен саяжайда тұратын 32 адам өз үйлерінен көшкілері келмейді. Түнде елді мекенді аралаған Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев премьер-министрдің бірінші орынбасарына осындай ақпарат берген. Бұл мәліметті естіген Роман Скляр тұрғындарды жедел түрде мәжбүрлі түрде эвакуциялауды тапсырды.

«Мен әкімдікке, полиция департаментіне және төтенше жағдайлар департаментіне тұрғындарды мәжбүрлі түрде эвакуциялауды бастауға тапсырма беремін. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Ешкім зардап шекпеуі қажет. Ойда жоқта су келіп қалса, жағдай мүлдем басқаша болады. Бұған жол бермеуіміз қажет», - деді ол.

Сондай-ақ вице-премьер Ойқала ықшам ауданындағы айналма жол учаскесіндегі бөгетті тексеріп, Кожевенный кенті мен Ущев көшесінде салынып жатқан бөгеттердің жағдайын көріп қайтты.