Міндетіміз – Есіл өзені арнасынан асып кеткен кезде үлкен зардаптардың алдын алу, деді Үкімет басшысы
ҚР Премьер-Министрі, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл өзенінің жайылмасын тікұшақпен айналып өтіп, Сергеев су қоймасындағы жағдайды тексерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ Есіл өзені арнасынан асқан жағдайда су басудың алдын алу және залалды азайту үшін Петропавл қаласының маңындағы бөгеттерді нығайту бойынша жұмыстар тексеріледі.
Үкімет басшысына Сергеев су торабы қазіргі уақытта қуатының шегінде жұмыс істеп жатқаны туралы баяндалды. 8 сәуірдегі жағдай бойынша 6017 м3/с деңгейінде су келген. Сондай-ақ Сергеев су қоймасы пайдалануға берілген 1969 жылдан бастап судың максималды шығыны 3600 м3/с деңгейінде болған. Су қоймасы соңғы 50 жылда алғаш рет осылай толып отыр және бұның алдында тіркелген көрсеткіштен 2 есе асқан.
Дереккөзіне сүйенсек, қазір су қоймасы 180% толып отыр. Максималды межеге дейін 100 млн м3 су қабылдай алады. Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 500 млн м3 су жіберілді.
Қазгидромет болжамына сәйкес, биыл 6-12 сәуір аралығында күннің күрт жылынып, қар еруіне байланысты келетін су көлемі 2400-ден 3600 млн м3 дейін ұлғаюы мүмкін.
Осыған байланысты су тасқынына қарсы іс-шараларды толыққанды жүргізу әрі ғимараттардың қирауына жол бермеу үшін Олжас Бектеновтің тапсырмасымен ҚР Қарулы күштері құрлық әскерлері бригадаларының 300 әскери қызметкері Астана қаласынан Солтүстік Қазақстан облысына аттанды. ҚР Ұлттық ұлан академиясынан 400 курсант және ҚР Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімінің 300-ден астам қызметкері тартылды. Бұл ретте өңірге көмек көрсету үшін тартылатын әскерилер санын одан әрі ұлғайту жөнінде команда берілді. Айта кету керек, қазіргі уақытта қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов – Қостанай облысында.
«Президент су тасқынымен күреске барлық күшті жұмылдыру міндетін қойды. Біз Солтүстік Қазақстан облысының өзіне Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның мыңға жуық қызметкерін жұмылдырдық. Міндетіміз – Есіл өзені арнасынан асып кеткен кезде үлкен зардаптардың алдын алу. Мұндай ауқымдағы су көлемі Сергеев су қоймасының бүкіл тарихында алғаш рет орын алып отыр», — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша бірінші вице-премьер Роман Скляр СҚО-ның құрылыс және жол-құрылыс компанияларының басшыларын су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге көмек көрсетуге шақырды. Ауыл тұрғындарының өміріне қауіп төндірмеу, өңірдегі әлеуметтік және стратегиялық объектілердің зақымдануын болдырмау үшін су тасқынына қарсы жұмыстарды ұйымдастыруға қолда бар күштер мен арнайы техниканың барлығын шұғыл кооперациялау және жұмылдыру қажеттігі айтылды.
Өз кезегінде кәсіпкерлер адамдар мен техниканы ұсынуға, сондай-ақ қажет болған жағдайда жанар-жағармай жеткізуге дайын екендерін мәлімдеді.