ДДҰ – Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы маңызды стратегиялық серіктесі
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгемен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан Үкіметі мен ДДҰ-ның Денсаулық сақтау саласындағы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі бірлескен жұмысын талқылады.
Атап айтқанда, 2024-2025 жылдарға арналған екіжылдық ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде қазіргі уақытта денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға қол жеткізу, халықтың денсаулығын жақсарту және кадрлық әлеуетті арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
ДДҰ – Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы маңызды стратегиялық серіктесі.
Бірлескен жоспарлы жұмыстың, соның ішінде техникалық және сараптамалық қолдаудың нәтижесі халықтың тыныс алу, қан айналымы жүйесі ауруларымен сырқаттанушылық, сондай-ақ қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім деңгейінің төмендеуі болды.
Өз кезегінде, Алматы декларациясының алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидаттарын ұстану елдегі ана мен бала өлімі деңгейінің төмендеуіне, өмір сүру ұзақтығының артуына ықпал етті.
«Қазақстан алғашқы медициналық-санитариялық көмекті нығайтудың маңыздылығы туралы мәселені көтеріп келеді. Өздеріңіз білетіндей, біздің Президентіміздің МСАК жөніндегі елдер коалициясын құру жөніндегі бастамасын ДДҰ бас директоры және Ұйымға мүше мемлекеттер қолдады. Женевада өтетін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 78-ші сессиясы аясында мүше мемлекеттер мен даму жөніндегі әріптестердің қатысуымен МСАК бойынша елдер коалициясын іске қосу біздің бірлескен жұмысымыздың маңызды қадамы болмақ», — деді Олжас Бектенов. Премьер-Министр Қазақстанда денсаулық сақтау мекемелерінде де, үйде де медициналық қызметтермен қамтуды қарқынды түрде кеңейтіп жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде ДДҰ өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюге Қазақстанның ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын арттыруда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.
Кездесу қорытындысына сәйкес, халық денсаулығының жоғары деңгейіне қол жеткізу мақсатында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша алдағы жұмысты күшейту бағыттары атап өтілді.