Бектенов абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын кешенді түрде жүргізу үшін әкімдіктер мен министрліктерге бірқатар тапсырма жүктеді
Үкімет басшысы әкімдіктерге қала орталығын ғана абаттандырумен шектелмей, шеткі аумақтарды да назардан тыс қалдырмауды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қоғамдық кеңістіктер тұрғындардың көп жиналатын орындарына және демалуға қолайлы ортаға айналуы тиіс. Кейбір скверлерге немесе қоғамдық орындарға «қамқорлық жасау» үшін бизнес пен ірі кәсіпорындарды тартуға болады. Шағын бизнес те іргелес жатқан аумақты күтіп-ұстауды жақсы дәстүрге айналдыруы керек. Барлық тұрғындар өз қалалары мен ауылдарының патриоттары болуға тиіс.
Қоршаған ортаға бей-жай қарамай, көшедегі ағаш немесе тротуар болсын, өзіңдікіндей көру керек.
Ол да қыруар еңбектің жемісі екенін ескеріп, күтіп-ұстау қажеттігін түсінуі керек»,- деді Бектенов.
Үкімет басшысы жалпы абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын кешенді түрде және тұрақты негізде жүргізу үшін әкімдіктер мен министрліктерге бірқатар тапсырма жүктеді.
«Бірінші. Өңір әкімдері жол карталарының толық және сапалы орындалуын қамтамасыз етсін.
Қалалардың өмір сүруге қолайлы әрі жайлы болуы маңызды.Сондықтан, әкімдіктер жол карталарымен шектеліп қалмай, туындаған проблемаларды шұғыл шешіп, халықтың пікіріне құлақ асқаны жөн.
Екінші. Қалалардағы жасыл желектің қысқаруына жол бермеу керек.
Отырғызылатын көшеттердің барынша жерсініп кетуін және оларға нақты күтімді қамтамасыз ету қажет.
Өнеркәсіп, Экология және Қаржы министрліктері аумақтарды көгалдандыру бойынша жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз етуге арналған заңнамалық түзетулер әзірлесін.
Үшінші. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңірлердің жол карталарының уақтылы және сапалы іске асырылуына тиісті бақылауды қамтамасыз етсін», - деді Олжас Бектенов.
Авторы: Айжан ТЕМІРХАН