Үкімет бірқатар елмен келісім орнатуға ниетті
Үкімет отырысында Су ресурстар және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов трансшекаралық өзендер мәселесі қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанның сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі - трансшекаралық. Соның салдарынан Қазақстан негізінен көрші елдердің (Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы және Орталық Азия елдері) су шаруашылығы саясатына тәуелді. Осыған байланысты Арал-Сырдария (90%), Жайық-Каспий (80%), Шу-Талас (75%), Балқаш-Алакөл (45%) су шаруашылығы бассейндері, ең азы Тобыл-Торғай (12%) және Ертіс (20%) су шаруашылығы бассейндері неғұрлым осал болып табылады», - деді Нұржан Нұржігітов.
Оның айтуынша, география және су қауіпсіздігі институтының деректері бойынша 1960 жылмен салыстырғанда Қазақстан аумағындағы орташа көпжылдық өзен ағыны 12,5 шаршы шақырымға азайды.
«Оның ішінде жалпы көлем қысқаруының 9 шаршы шақырымы немесе 72 пайызы жергілікті өзендердің үлесіне, ал трансшекаралық өзендердің үлесіне 3,5 шаршы шақырымы немесе 28 пайызы келеді. Осыған байланысты, трансшекаралық ағынды азайтудың ықтимал үрдісін ескере отырып, 2030 жылға дейін трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту су қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі аспектілерінің біріне айналуы тиіс. Трансшекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық су ағындарын бірлесіп пайдалану, қорғау туралы жаңа екіжақты және көпжақты шарттық базаны құруды және қолданыстағы шарттарын жетілдіруді талап етеді», - деді ол.
Министр осы салада қандай елдермен ынтымақтастық жүргізілетінін айтты.
«Мемлекетаралық су қатынастарын дамыту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісімдерге қол қою Тұжырымдамада көзделген. Халықаралық су ынтымақтастығының маңызды құрамдас бөлігі Орталық Азияның су-энергетикалық ынтымақтастығы тетігін әзірлеу», - деді ол.
Сондай-ақ, трансшекаралық су объектілерін пайдалану және қорғау жөніндегі келіссөздер тобы мүшелерінің құзыретін күшейту, сондай-ақ арнайы департамент құру жоспарланып отыр.
Айта кету керек, «Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңының жобасы Мәжілісте қаралып Сенат қарауына енгізілді.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ