Қазақстанда 500 мыңға жуық адам зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейді

Автор: Аманалина Тоғжан

Елімізде өндірістік жарақат алу көрсеткіші біршама жоғары

Фото: freepik.com

Қазақстанда жыл сайын 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жарақат алады. Оның ішінде 200-ден астам адам мерт болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Биыл «Қазақмыс» компаниясында өндірістік жарақат алу көрсеткіші  өткен жылмен салыстырғанда   3 еседен астам өсіп кетті. Бұрынғы «АрселорМиттал Теміртауда» соңы адам өлімімен аяқталған   қайғылы жағдайлардың саны 7 еседен астам өскен. Өндірісте қазір қолданылып жүрген жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесі жұмыс берушілерді еңбек жағдайларын жақсартуға   ынталандырмайды», - дейді Үкімет отырысында Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, бүгінде кәсіпорындардың тек 32%-і ғана өз қызметкерлерін сақтандырып отыр. Көптеген елдерде өмірді сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйлықақысының белгілі бір бөлігін   превентивті іс-шараларға бағыттайды.

«Яғни, оларда қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқытуға, ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға басымдық беріледі. Біз де осындай жүйеге көшуіміз керек. Осы салада қалыптасқан проблемаларды кезек күттірмей шешу үшін Қазақстанда алғаш рет 2030-шы жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленді», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, бұл құжат ең алдымен, кәсіптік қауіп-қатерлер мен өндірістік жарақаттану деңгейін   және кәсіптік ауру түрлерін төмендетуге бағытталған.

Авторы: Еркежан АЙТҚАЗЫ