Биыл теміржол көлігі саласында бірнеше ірі мегажоба жүзеге асырыла бастады
Үкімет жаңа теміржолдар, ҮАААЖ іске қосылуы және теңіз порттарын дамыту бойынша жыл қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанның бірегей географиялық артықшылықтары мен жүк тасымалының тұрақты өсімін ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистикалық әлеуетті дамытуды Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіледі.
«Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс», — деді ел Президенті халыққа Жолдауында.
Қазіргі таңда елімізде автомобиль, теміржол, әуе және теңіз салаларын қамтитын бірқатар ірі көлік жобалары жүзеге асырыла бастады. 2023 жылы елімізде көлік саласының даму нәтижелеріне шолу:
Атап айтқанда, қарашада Алматы торабын айналып өтетін (74 км) және Дарбаза – Мақтаарал (152 км) теміржол желілерінің құрылысы басталды. Біріншісі жүктерді жеткізу мерзімін 24 сағатқа қысқартып, Алматы теміржол торабын 40%-ға жеңілдетсе, екіншісі Орталық Азия бағытында өткізу қабілетін 10 млн тоннаға арттырады.
Бұдан бөлек, желтоқсанда ұзындығы 272 шақырым болатын Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысы басталды. Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк айналымын қосымша 20 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алдағы үш жылда республикада 1 300 шақырымнан астам жаңа теміржол салынады.
Жолаушыларға жағдайды жақсарту үшін 856 жолаушылар вагоны сатып алынуда. Биыл оның 100 вагоны қолданыстағы бағыттарға қатынай бастады. Нәтижесінде парктің тозуы 47%-дан 45%-ға дейін төмендеді.
Үш ірі жоба аяқталды: ҮАААЖ, «Қандыағаш – Мақат» және «Үшарал – Достық».
Сонымен қатар құрылысы ұзаққа созылған 6 жоба бойынша, яғни «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Алматы», «Меркі – Бурылбайтал», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахан» бағыттарында жұмыстар қарқынды жүргізілді. Олардың бойында елді мекендерді айналып өтетін жолдардан басқа 923 шақырымға көлік қозғалысы ашылды.
Батыс Қазақстан облысындағы ұзындығы 245 шақырымды құрайтын «Казталовка – Жәнібек» және «Өнеге – Бисен – Сайхын» жолдарын күрделі жөндеуден өткізуге ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі уақытта 220 шақырым бойынша жол қозғалысы қамтамасыз етілген. Жалпы аталған жолдардағы жұмыстар 2024 жылы толық аяқталады деп күтілуде.
Республикалық бағыттарға келетін болсақ, 2024 жылы «Ақтөбе – Ұлғайсын – Қызылорда» (1361 км, оның 56 шақырымы 2024 жылы) «Қарағанды – Жезқазған» (513 км, оның 40 шақырымы 2024 жылы) «Сарыағаш айналма жолы» (102 км), «Қызылорда – Жезқазған» (216 км) жобалары бойынша жұмыстарды бастау жоспарлануда.
Құрық портында Abu Dhabi Ports компаниясымен бірлескен астық терминалы іске қосылды.
Сонымен қатар теңіздегі қауіпсіздікті арттыру үшін 2024-2025 жылдары Ақтау және Құрық порттарының акваторияларында тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Жалпы жоғарыда аталған жобалардың барлығын жүзеге асыру Қазақстан теңіз порттарының өткізу қабілетін 10 млн тоннаға, оның ішінде контейнерлік қуаттылықты жылына 300 мың ЖФБ-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Бағытты дамыту мақсатында 2023 жылдың қазан айында Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның теміржол әкімшіліктері логистикалық қызметтердің бірыңғай операторын құру туралы құрылтай құжаттарына қол қойды. Бұдан бөлек, елдер Түркиямен бір уақытта бағыттағы «талапқа сай келмейтін» жерлерді жоюға күш салуда.
Логистикалық қызметті жақсарту мақсатында ТХКБ арқылы өтетін тасымалдар үшін «бір терезе» құру мәселесі пысықталуда. Цифрлық көлік дәлізін толық іске қосу 2024 жылға жоспарланған.
Биыл қазанда Қытаймен ТХКБ дамыту туралы келісімдерге қол қойылды, олар экспорттық-импорттық және транзиттік тасымалдарды ұлғайтуды, ҚХР-ға порттық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға көмек көрсетуді, ТХКБ бойындағы мультимодальды тасымалды дамытуды және т. б. көздейді.
Ақтау және Құрық порттарына жүктерді автомобильмен жеткізу уақытын қысқарту үшін ұзындығы 515 шақырым болатын республикалық маңызы бар «Шалқар – Бейнеу» автожолын салу жоспарланған. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде.
Бағытты дамыту бойынша шараларды жүзеге асыру оның өткізу қабілетін 2027 жылға қарай жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Реконструкциялау нәтижесінде өткізу пункттерінің аумақтарын кеңейтуді, қолданыстағы ғимараттар мен құрылымдарды жаңғыртуды, заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, оның ішінде стационарлық инспекциялық тексеру кешендерін (Rapiscan Eagle және т.б.), сондай-ақ паспорттық бақылау кабиналары мен бөлінген қозғалыс жолақтарының санын көбейту қарастырылған.
Өткізу пункттерінде автоматтандыру мен озық технологияларды енгізу үшін 2024-2026 жылдары 83 бірлік «Е Gate» паспорттық бақылаудың автоматтандырылған жүйесін сатып алу жоспарланған.