Жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаражат бизнеске жетпей қалады – Смайылов

Автор: Аманалина Тоғжан

Ол тауар биржаларын микрокәсіпкерлік субъектілеріне жатқызу тағы бір проблемаға айналып отырғанын жеткізді

Фото ашық дереккөзден

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов тауар биржаларының қызметі жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Қазіргі таңда Қазақстанда астық, мұнай өнімдері, көмір және басқа да тауарлар бойынша сауда-саттық жүргізетін 10 тауар биржасы бар. Биржаның басты міндеті – ашық нарықтық баға мен   бәсекелестікті қамтамасыз ете отырып, сауданы ұйымдастыру. Біз биржалық саудаға үлкен үміт артып келдік. Соңғы 5 жылда заңнама 2 рет өзгерді. Соған қарамастан, биржалар әлі күнге дейін   нарықтағы өз қызметін толықтай орындай алған жоқ. Мемлекет басшысы сауда-саттықтың құқықтық базасын және оның қатысушыларына қойылатын талаптарды түбегейлі қайта қарау қажеттігін айтты. Бұл орайда, негізгі проблеманың бірі жер қойнауын пайдаланушылардың тауар биржаларын өз мүдделеріне қарай пайдаланып кетуі болып отыр», - деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, бүгінде биржалық сауданың негізгі бөлігі жергілікті қамтуды сақтау жөнінде   міндеттемелері жоқ дәл осындай сатып алуларға қызмет көрсетуге бағытталған.

«Нәтижесінде әр жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаражат біздің бизнеске жетпей қалады. Бұлай болмау керек. Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары ел мүддесіне жұмыс істеуі тиіс. Жергілікті қамтуды кеңейтіп, өндірісті әртараптандырудың маңызы өте зор. Тауар биржаларын микрокәсіпкерлік субъектілеріне жатқызу тағы бір проблемаға айналып отыр. Бұл оларға аз салық төлеуге және тексерулерден құтылып кетуге мүмкіндік беріп отыр. Жалпы, анықталған кемшіліктердің барлығы жаңа заңнама аясында жойылуы тиіс. Осыған байланысты мына мәселелерге назар аударамын. Бірінші. Мемлекеттік органдар 2 күн ішінде биржалық тауарлар мәселесі бойынша заң жобасына Үкімет қорытындысының жобасын келісуі тиіс», - деді Премьер-министр.

Әлихан Смайылов атағандай, цифрлық даму министрлігі қазіргі әлемдік стандарттарды ескере отырып,тауар биржаларын бағдарламалық қамтамасыз етудегі ақпараттық қауіпсіздікті арттыру мәселесін пысықтауы қажет.

«Сауда министрлігі Әділет министрлігімен,сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тауар биржалары мен оның қатысушыларының жауапкершілігін қатаңдату бойынша түзетулер топтамасын әзірлеуі тиіс. Ұлттық экономика, Көлік министрліктерімен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, биржалық тауарларды, оның ішінде  биржалық сауда-саттық механизмі арқылы экспортқа сатуды ынталандыру бойынша шаралар кешенін әзірлеу қажет», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ