Арнайы шақыртуды мобилизациялаумен шатастыруға болмайды
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Президенттің міндеттілерді әскерге шақыру туралы қаулысын түсіндірді.
«Бұл Жарлықтың негізгі мазмұны – әкімдерге әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыруға мүмкіндік пен құқық беру. Ал басты мақсаты – ең алдымен, халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау және қамтамасыз ету», - деді Н.Ермекбаев.
Арнайы шақыртуларды мобилизациялаумен шатастыруға болмайды.
«Мобилизация деген – барлық саланы, ұйымдарды, халықты әскери режимге көшіру. Қазір әңгіме бұл туралы болып жатқан жоқ. Әскери шақырулар жылына бірнеше рет өтіп тұрады. Әкімдердің оқу-жаттығу өткізуде тәжірибесі бар. Олар жергілікті әскери комиссариаттар арқылы адамдарды отбасылық жағдайына, денсаулығына, жасына, тағы басқа факторларға қарай шақырады», - деп түсіндірді министр.
Сондықтан қаулы әкімдерді жергілікті әскери бөлімдерді толық көлемде кеңейтуге міндеттемейді.
«Міндет атқару мерзіміне, шақырылушылардың санына қатысты арнайы тапсырма жоқ. Әскерге шақыру ары кеткенде, 3 айға созылуы мүмкін. Бірақ нақты уақытты жергілікті атқарушы органдардың өздері белгілейді. Олар қажеттілікке қарай жинап, жұмыстар біткен соң шақыруды тоқтата алады. Мысалы, кей әкімдер 10 күн ішінде аяқтауы мүмкін», - деді бұған қатысты ол.
Кей аймақтарда әскерге шақыру, тіпті, қажет болмауы да мүмкін екен. Себебі, әскери бөлімдер орналасқан аймақтарда жауынгерлер онсыз да шаруаға араласып, іс-шараларды толық көлемде атқарып жатыр. Бір бөлігі басқа аймақтарға жіберілген.
Еске салайық, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы Жарлыққа қол қойды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан