Бала саны аз ауыл оқушылары мектепке барып білім алады – министр

Автор: Azattyq Rýhy

Сабақ уақыты 30 минутқа дейін қысқарады

Көрнекі фото: sputniknews.kz

Бұл жайында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн-брифингте айтты.

«Шағын жинақты орта мектептер бар. Олар – алыстағы, шалғай елдімекендердегі мектептер. Олардағы бала саны өте аз, 15-20, 40, 50 баладан ғана. Бірақ мектеп ғимараты үлкен. Республика бойынша ондай білім ошақтарының санын анықтадық. Егер карантиндік шаралар қабылданатын болса, сол мектептер дәстүрлі форматта жұмысын жалғастыра береді. Мұның алдында бір ауысымда оқып, соған ғимарат жетіп тұрса да, екі ауысымға көшірдік. Сабақ уақытын 30 минутқа дейін қысқарттық. Бірақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты бұл шешім өзгеруі де мүмкін», - деді ол онлайн брифингте.

Ал басқа білім ошақтарында оқитын оқушылар елдегі төтенше жағдайға байланысты төртінші тоқсанды үйден онлайн оқиды. Қазір әкімдіктер арқылы балаларды интернетпен, компьютермен қамту жұмыстары жүріп жатыр. 1 сәуір күні мұғалімдер дайындықты тексеру үшін сынама сабақ өткізеді. Ата-аналар жиналысын да онлайн ұйымдастыруға дайындық жасалады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан