Үкімет үш жылға арналған республикалық бюджет жобасын бекітті

Автор: Аманалина Тоғжан

Ұлттық қорға кепілдендірілген трансферт мұнай секторынан түсетін түсімдер көлемінен аспайды

Фото: freepik.com

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов республикалық бюджет жобасы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық және уақытылы орындауға, сондай-ақ экономиканың сапалы және орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Мұнайға деген ең төменгі бағаны ескере отырып, Ұлттық қорға кепілдендірілген трансферт мұнай секторынан түсетін түсімдер көлемінен аспайтын болады», - деді Смайылов.

Ол атағандай, бюджет шығыстарының өсуі инфляцияны ескере отырып, ұзақ мерзімді экономикалық өсудің орташа деңгейінен аспайды.

«Жалпы жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет жобасы қалыптастырылды. Ол бұрынғыдай әлеуметтік бюджет болып қала береді.

2024 жылы әлеуметтік салаға 9,9 трлн теңге көзделіп отыр. Экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамытуға, бизнесті қолдауға, көлік инфрақұрылымын дамытуға және газдандыруға басымдық берілетін болады. Жалпы аталған салаларға 2024-ші жылы 2,8 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр», - деді ол.

Премьер-министр Үкімет алдында тұрған маңызды міндет – бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану екенін айтты.

Үкімет мүшелері заң жобалары мен Жарлық жобасына дауыс берді.

Авторы: Аягөз Құрмаш