Ол әр өңірде жол картасын әзірлеу керегін атап өтті
Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов жылыту маусымына дайындық жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жылыту маусымының басталуына 1 айдан астам уақыт қалды. Жалпы, дайындық жұмыстары белсенді жүруде. Жылудың дер кезінде берілуін қамтамасыз ету керек. Жүйелік оператор «KEGOC» компаниясы жылу орталықтарындағы жөндеу жұмыстарының кестесін бекітті. Алайда кейбір өңірлерде бұл кестеден кешігу байқалып отыр. Кей жағдайларда жөндеу жұмыстарын келесі жылға ауыстыру фактілері орын алуда. Сондықтан, қыс уақытында осы объектілердің тұрақты жұмысында тәуекелдер туындауы мүмкін. Мәселен, Теміртау, Риддер, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Маңғыстау облысы тәуекел аймағында екенін атап өткен жөн», - деді Смайылов.
Ол атағандай, проблемаларды шешу үшін Қазақмыс, Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының басшыларымен және иелерімен кездесулер өткізу қажет.
«Олардың объектілерінің көпшілігі суық ерте түсетін солтүстік аймақта орналасқан. Сондықтан, дайындық жұмыстарын күшейту керек. Жалпы жылыту маусымына дайындық және оны өткізу барысы – күнделікті маңызды мәселе. Сондықтан, әрбір өңірде жол картасын әзірлеп, бекіту қажет. Онда жылу желілерін дамытуды, жаңа жылу орталықтарын салу мен қолданыстағы орталықтарды күрделі жөндеу жұмыстарын нақты айқындау керек. Сондай-ақ, авариялар болған жағдайда өңірлік коммуналдық қызметтер мен жылу орталықтарының іс-қимылының әр қадамы жазылған алгоритм бекітілуі тиіс. Сонымен қатар, осы сектордағы цифрландыру мен автоматтандыру деңгейін арттыру маңызды», - деді ол.
Премьер атағандай, жылу желісі инфрақұрылымының жай-күйі, шығын деңгейі, тұтынатын жылу энергиясының саны мен сапасы туралы объективті деректер қажет.
«Бұл жылу жүйесін басқаруға және жылу беретін объектілердегі авариялар санын азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мыналарды атап өткім келеді. Өңір әкімдіктері белгіленген мерзімде барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарының аяқталуын және қажетті көлемде отынның алдын-ала жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет. Ішкі көмір нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін өңір әкімдіктері тиісті тәртіппен 2 апта мерзімде көмірді дайындау және өткізу пунктерінің жағдайына, оның сапасына, жеткізу кестелеріне, бағалардың негізділігіне тексеру жүргізуі қажет. Индустрия министрлігі Қазақстан Темір Жолымен бірлесіп, көмір жеткізу үшін вагондардың қажетті санын қамтамасыз етуі тиіс. Өңірлерде жеткізілген отын үшін кәсіпорындардың, сондай-ақ коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың дебиторлық берешегін өтеу жұмыстарын күшейту керек», - деді ол.
Авторы: Аягөз Құрмаш