Дәрігерлерге арналған тест туристерге жұмсалып жатыр
Төтенше жағдай басталғаннан бері шетелде жүрген 6000 қазақстандық елге оралған. Бұл туралы бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті.
Оның айтуынша, туристердің арасында қауіпті аймақта жүрсе де, демалысын қимай, елге оралуға бас тартқан адамдар болған. Олардың бұл әрекеттерін Абаев «нағыз жауапсыздық» деп бағалады.
«Төтенше жағдай жарияланғаннан бері елге оралған туристердің саны 6000 асады. Бүгін тағы 145 турист елге келеді деп жоспарлап отырмыз. Оларды елге әкелуде Үкімет пен «қамқор» туристік қоры көп жұмыс атқарды. Шетелде 60-тай қазақстандық бар. Олар әртүрлі себептерге байланысты қордың көмегіне жүгінбейміз деп шешті. Ол адамдарға қатысты жеке жұмыс істейміз», - деді Абаев.
Оның айтуынша, елге оралып жатқан осы туристердің барлығы коронавирусқа байланысты ескеруді елемей, елден шығып кеткендер. Сондықтан, енді еліне оралған әрбір қазақстандық міндетті түрде коронавирус анықтайтын тест тапсырады.
«Туристердің арасында демалысы аяқталмайынша елге оралмаймыз дегендер болды. Біз бұл жауапсыздықтың бір көрінісі деп ойлаймыз. Дәрігерлерді тексеруге болатын мыңдаған тестті туристерге шығындап жатырмыз», - деді Абаев.