Үкімет «Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту» жобасын аяқтауға 5,08 млрд теңге қаражат бөлді

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған жобаның бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары 80%-ға орындалды

Үкімет резервінен Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту»  жобасын аяқтауға 5,08 млрд теңге қаражат бөлінді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту мәселесі – Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. 

Есепке сәйкес жобаны аяқтау зауытқа ауыз су өндіру көлемін тәулігіне 40 мың м3 дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның бұрынғы өнімділігі бұдан екі есе аз болған.

«Осы жылдың 5 шілдесінде Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Ә. Смайылов жобаның іске асырылу барысымен танысты. Үкімет басшысы Маңғыстау облысының Мұнайлы, Түпқараған және Қарақия аудандарының 180 мың тұрғыны үшін зауытты іске қосудың маңызы зор екенін атап өтті. Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары 80%-ға орындалды», - делінген Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарламасында.