Ол бұқаралық спортпен шұғылдануға барынша көп адам тарту керек екенін айтты
Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов бұқаралық спортты дамытудың маңызы туралы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Спорт пен белсенді өмір салты ұлт денсаулығының кепілі ғана емес, сонымен қатар әр адамның таланты мен қабілетін ашады.Бұл әсіресе, жас ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды. Сондықтан, спорт объектілері мен кешендерінің халықтың бәріне бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Бұқаралық және тұрақты спорттық іс-шараларды ұйымдастыру арқылы азаматтарды спортпен шұғылдануға міндетті түрде тарту қажет. Елімізде жақсы дәстүрге айналған әртүрлі жастағы адамдарға арналған бұқаралық марафондар мен жарыстар туралы бәрі біледі», - деді Смайылов.
Оның айтуынша, соңғы жылдары барлық жерде спорт алаңдары мен басқа да ірі объектілер салынуда.
«Біз спортпен шұғылданатын адамдардың саны күннен күнге артып келе жатқанын көріп отырмыз. Үйлердің аулаларында, скверлерде және саябақтарда орнатылған тренажерларды ешкімге қажет емес деп санаған скептиктер де аз болған жоқ. Жыл сайын республикада түрлі деңгейдегі 25 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Оларға 1,2 миллионнан астам адам қатысады. Ауылдық жерлерде де бұқаралық спорт белсенді дамып келеді. Республикада балалар мен жасөспірімдердің 800-ден астам клубы жұмыс істейді. Балаларға арналған спорт секцияларының саны артып келеді. Бұқаралық спортты дамыту бойынша түрлі бағдарламалар мен жобаларға қарамастан, көптеген жүйелі мәселелер шешімін тапқан жоқ», - деді ол.
Смайылов ақпараттық кеңістікті мониторингтеу нәтижесінде шілде айының өзінде ғана осы саладағы проблемаларға қатысты халықтан көп шағым түсетіні анықталды.
«Өкінішке орай жергілікті билік тұрғындар көтерген мәселелерді шешуге тиісті деңгейде әрекет жасамайды. Мысалы, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кентінде 2020 жылы жөнделген стадион құлап жатыр. 3 жыл ішінде бұл объект жарамсыз болып қалды десе де болады: футбол алаңы мен жүгіру жолдарынан бастап трибуналар мен киім ауыстыратын бөлмелерге дейін жарамсыз күйге түскен. Қарағанды облысындағы Шұбаркөл көмір вахталық кентінде спорт залы қирап қалды. Бұл осы объектіге ешкім көңіл бөлмегенін көрсетеді», - деді ол.
Смайылов кейбір өңірлерде спортзал жоғын айтты.
«Ақтөбе облысының Шиқұдық ауылындағы Теректі мектебінде спортзал жоқ. Айтпақшы, спортзалдары жоқ мектептер тек шағын ауылдарда ғана емес, сонымен қатар ірі қалаларда әлі де көп. Дене шынықтыру мұғалімдері мен кәсіби жаттықтырушылар жетіспейді. Сонымен қатар, жұртшылық Астанадағы Ұлттық спорт университетінің және Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлық орталығының құрылысы ұзаққа созылып кеткеніне наразы. Спортты дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау бағытында біз ауқымды жұмыстар жасап келеміз, алайда, кейбір мәселелер бойынша бір орында тұрып қалдық. Өкінішке орай, бізде дене шынықтыру мен спортты басқарудың тиімді біртұтас жүйесі жоқ», - деді ол.
Оның айтуынша, спортты және саламатты өмір салтын насихаттаумен айналысатын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіру жұмыстарында кемшілік көп.
«Осыған байланысты Үкімет Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029-шы жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Біздің алдымызда 030-шы жылға қарай халықтың 50%-ін дене шынықтыруға және спортпен шұғылдануға тарту міндеті тұр. Сондықтан, салалық министрлік пен әкімдіктер осы бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет. Мәдениет және спорт министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге жұмыс істеп тұрған спорт объектілердің инвентаризациясын аяқтап, олардың қажеттіліктерін айқындауы тиіс. Біз әрі қарай жұмыс істеуге қай объектінің мүмкіндігі бар екенін, қайсысы күрделі жөндеуді қажет ететінін, қанша спорттық құрал-жабдықтар қажет екенін нақты білуіміз керек. Өңір әкімдіктері саябақтарды, көшелерді, жағалаулар мен тұрғын үй аулаларын тренажерлармен, спорт алаңдарымен жабдықтауға ерекше назар аударуы тиіс. Мектептердегі спорт алаңдары мен спорт залдары сабақтан тыс уақытта да қолжетімді болуы керек. Мәдениет және спорт, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері әлемдік тәжірибені ескере отырып, дене шынықтыру жаттықтырушылары мен мұғалімдерін даярлау жүйесін қайта қарауы қажет», - деді ол.