Оған шикізат сапасының төмендігі әсер етіп отыр
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Сенатта өткен Үкімет сағатында жүн өңдеу саласының проблемалары туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жүн өңдеудегі проблемалар тері өңдеу проблемаларына ұқсас - шикізат сапасының төмендігі. Республикада жыл сайын 40 мың тоннаға жуық қой жүні өндіріледі, оның тек 33% немесе 13,3 мың тоннасын өңдеуге пайдалануға болады. Жүннің 67%-ы қылшық және жартылай қылшықты жүн, ол іс жүзінде өңделмейді және тоқыма өнеркәсібінде сұранысы жоқ. Киіз және киізден жасалған аяқ киім фабрикалары аз ғана бөлігін өңдейді. Биылғы ақпан айында Ауыл шаруашылығы министрлігі жүнді экспорттауға кедендік баждарды алып тастауға бастамашылық жасады», - деді Қарашөкеев.
Ол атағандай, жүн өңдеу үлесінің төмен болу мәселесінің шешімі қылшықты және жартылай қылшықты жүнді өңдейтін кәсіпорындар құру.
«Мәселен, Ақтөбе облысында қуаттылығы жылына 2,1 мың тонналық қылшықты жүнді өңдейтін «ҚАЗФИЛТЕК» ЖШС инвестициялық жобасын іске қосу жоспарлануда, ол жылу оқшаулағыш материалдарды дайындау үшін пайдаланатын болады. Жобаны ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялау қағидаларына инвестициялық салымдардың 25%-ын өтеу үлесі бар жүнді өңдеу жөніндегі паспорт енгізілген», - деді ол.
Министр атағандай, Батыс Қазақстан аграрлық университетінің ғалымдары жылыжайлар үшін гидропоника ретінде қылшықты және жартылай қылшықты жүнді пайдалану технологиясын әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізуде.
«Зерттеудің қорытындысы бойынша технологияларды өнеркәсіптік өндіріске беру жоспарлануда.Нәтижесінде қылшықты және жартылай қылшықты жүнге ішкі нарықта сұранысты тудыруға және дайын өнім түрінде экспортқа шығару мүмкіндігі жоспарланып отыр», - деді ол.