Абай облысындағы ірі өрттен қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетілуде

Автор: Azattyq Rýhy

ҚР Үкіметі көрсетілетін көмектердің тізімін жариялады

Фото: ашық дереккөзден

Облыс әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Успен орман шаруашылығындағы ірі өртті сөндіру кезінде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ-нің қаза тапқан 14 қызметкерінің, сондай-ақ өртті сөндіруге қатысқан тракторшы Сергей Архиповтың отбасы мүшелерінің тізімін жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес оларға келесідей әлеуметтік қолдау түрлері көрсетілуде:

  • Семей қаласында жиһазбен жабдықталған екі немесе үш бөлмелі (отбасы мүшелерінің санына қарай) пәтерлер берілді;
  • қаза тапқандар мен олардың отбасы мүшелерінің несие қарыздары өтеледі. Өтелетін қарыздардың жалпы мөлшері 36,2 млн теңгені құрайды (15 маусымдағы жағдай бойынша);
  • «Қазақстан халқына» қорынан әр отбасыға 7 млн теңгеден және кәмелеттік жасқа толмаған әр балаға 2 млн теңгеден материалдық көмек. Төлемдердің жалпы сомасы – 127 млн теңге (15 маусымдағы жағдай бойынша);
  • асыраушысынан айырылған отбасы мүшелеріне мемлекеттік бюджеттен ай сайынғы жәрдемақы;
  • Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға, ЖОО-да күндізгі оқу бөлімінде оқыса, оқуды аяқтағанға дейін, бірақ 23 жастан аспайтын балаларға ай сайынғы әлеуметтік төлем;
  • БЖЗҚ-дан жерлеу рәсімдері үшін біржолғы жәрдемақы;
  • жалпы білім беру қорынан мектеп жасындағы балаларға 500 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек, сондай-ақ керек-жарақтар (аяқ киім, форма) мен жазғы лагерьге жолдама;
  • жұмыс берушінің қаражаты есебінен ай сайынғы төлемдер (жалақы мөлшеріне байланысты);
  • ұжымдық шартқа сәйкес жұмыс берушінің есебінен біржолғы көмек.

«Сонымен қатар «Қазақстан Халық банкі» АҚ әр отбасына 3 млн теңге көлемінде материалдық жәрдем береді, сондай-ақ басқа да коммерциялық ұйымдар көмек көрсетеді. Оған қоса әкімдік «Ақ Ертіс» ҚҚ-мен бірлесіп, қаза тапқандардың отбасы мен зардап шеккендерге одан әрі көмек көрсету мақсатында қайырымдылық пен демеушілер қаражатын жинақтау үшін арнайы шот ашты», - делінген хабарламада.