Үкімет: Қазақстан мен Қытай шекарасындағы тауар тасымалы ұлғайды

Автор: Azattyq Rýhy

Шекара пункттерінің өткізу қабілетін арттыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Қытаймен шекара арқылы тауар көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасы қалай орындалып жатқаны туралы Үкіметтің Telegram каналында жазылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бүгінде шекара бекетінде электрондық кезек жүйесін жетілдіру жүзеге асырылды, «Нұр жолы» бақылау-өткізу бекетінің жұмыс уақыты ұлғайтылды, кеден бекетінің штаты қосымша кеңейтілді.

«Сонымен қатар, рәсімделетін жүктердің көлемін ұлғайту және шекарадағы бақылау операцияларын жеделдету үшін Қытайдың кеден, шекара және басқа қызметтерімен келіссөздер жүргізілді. Қазіргі уақытта қазақстандық жүк тасымалдаушыларға Қытайға еркін кіруі үшін аталған елдің визасын алуға жәрдем көрсетіліп жатыр. Бұл ретте Көлік комитеті оңайлату мақсатында халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру үшін құжаттарды беру рәсімдері мен мерзімдерін қайта қарауда», - делінген хабарламада.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 14-17 наурыз аралығында Қытайдан Қазақстанға жүк ағыны үш есеге – тәулігіне 500-ден астам машинаға өсті. Ал Қазақстаннан Қытайға көлік ағыны екі есеге ұлғайып, тәулігіне орта есеппен 200 көлік құралына жетті.

Демалыс күндері (18-19 наурыз және Наурыз мейрамы күндері) «Нұр жолы» өткізу пункті штаттық режимде – 08:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істейді.

ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасын орындау аясында тауар айналымы мен шекара пункттерінің өткізу қабілетін арттыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр.