Шаруа қожалығы ірі қараны Словакиядан әкелдік деп өтірік мәлімет берген
«Агро-Комплекс-Сулышок» ЖШС былтыр қазан айында 50 бас ірі қара малды Қазақстан Республикасына алып келу кезінде – Еуразиялық экономикалық одақ заңнамасын, сондай-ақ қазақстандық ветеринария саласындағы заңнаманы өрескел бұзған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
«ЕЭО заңнамасы бойынша СҚО-дағы «Агро-Комплекс-Сулышок» ЖШС Словакия Республикасынан ірі қара мал әкелуге рұқсат сұрады. Осы өтініш бойынша ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті заңды түрде рұқсат берді. Себебі Словакия аса қауіпті аурулар тіркелген елдер тізімінде жоқ»,-делінген ресми хабарламады.
Алайда, құжаттарды тексеру кезінде Қазақстан шекарасына кіргізілген 50 ірі қара мал Чех Республикасынан жеткізілген болып шықты. Министрліктің мәліметінше, былтыр маусым айынан бастап Қазақстанға Чех Республикасынан мал алып келуге уақытша шектеу қойылған екен. Осылайша, шаруа қожалығы елде енгізілген шектеуді бұзған.
«ҚР Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы ҚР және ЕЭО ветеринарлық заңнамасын бұзу фактісі бойынша «Агро-Комплекс-Сулышок» ЖШС-не 50 бас ірі қара малды жөнелтуші елге, яғни Чех Республикасына кері қайтаруға ұйғарым берді», - делінген АШМ мәлімдемесінде.