Қазақстанда мұнай тасымалдайтын тиімсіз делдалдар жойылады - Әлихан Смайылов

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда мұнай тасымалдайтын тиімсіз делдалдар жойылады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан Үкімет отырысында алғаш болып Премьер-министр Әлихан Смайылов баяндама жасады.

Әуел баста инфляцияның артқанын, ал, экономика өсімінің баяулауы «мұнай және тау-кен өндірістеріндегі баяулауына» байланысты екенін айтқан ол экономиканың бүкіл салалары бойынша есеп беріп шықты. Мәселен, Үкімет басшысының айтуынша, мұнай-газ өндіру саласында Теңізде 2023 жылы Сағалық қысымды басқару жобасы аяқталады.

«Қашаған кен орнында қуаттылығы 1,1 млрд. текше метр газ өңдеу зауытының құрылыс жұмыстары басталды. Осыған қоса, өңдеу көлемі 8 млрд. текше метрге дейін газ өңдеу зауыттарын іске асыру жөніндегі тұжырымдама келісіліп жатыр. Батыс Қазақстан облысының газ өндеу зауытында қосымша 3 млрд. текше метр Қарашығанақ газын өңдеу бойынша тиісті жоба пысықталып жатыр», - деді Смайылов.

Сонымен қатар, Премьер-министр хабарлағандай, 2023 жылы Қаламқас-Хазар және Қаратон кен орындары бойынша 9 млрд. долларды құрайтын инвестициялық жобалар басталмақ.

«Әлемдік өндірушілердің ТОП-10 құрамына кіретін қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен өндіретін ірі мұнай-химия зауыты іске қосылды. Қуаттылығы 1,2 млн. тонна полиэтилен өндіру жобасы бойынша базалық жобалау басталды. Келесі жылы жалпы инвестиция сомасы 1 млрд. долларды құрайтын бутадиен және метанол өндіретін зауыттардың құрылысы басталу керек. Мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жүйесіндегі тиімсіз делдалдарды алып тастау бойынша тиісті шешімдер қабылданды», - деп хабарлады ол.

Сонымен қатар, Смайыловқа сенсек, келесі жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытын 9 млн. тоннаға дейін кеңейту көзделіп отыр.