Қазақстандағы жемқорлық жайлаған ТОП-5 министрлік анықталды
Ал әкімдіктер бойынша көш басында Түркістан облысы тұр
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз орталығында Превенция департаментінің басшысы Анар Жарова сыбайлас жемқорлыққа бейім салаларды анықтау бойынша жүргізілген 2019 жылғы мониторинг қорытындылары туралы баяндады.
«Құқықтық статистика органдарының мәліметтері бойынша, өткен жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандар саны 1002 адамды құрады, бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 7%-ға аз. Сотталғандар ішінде 515 адам - орталық мемлекеттік органдардың қызметшілері, 261 адам - жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, 37 адам - квазимемлекеттік сектор өкілдері, 189-ы өзге тұлғалар», - деді А. Жарова.
Агенттік өкілінің мәліметінше, орталық мемлекеттік органдардың ішінде жемқорлық бойынша ТОП бестікке Ішкі істер министрлігі (297 іс), Қаржы министрлігі (49 іс), Қорғаныс министрлігі (29 іс), Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (20 іс), Ауыл шаруашылығы (19 іс) министрлігі кіреді.
Жемқорлық қылмысы аты аталған министрліктердің аумақтық бөлімшелерінде немесе ведомствалық бағынысты ұйымдарында жасалған.
Анар Жарова сыбайлас жемқорлыққа бейім мемлекеттік органдардағы пара алатын тұлғалардың нақты кімдер және не үшін алатынын да айтып берді.
«Мәселен, ішкі істер органдары жүйесінде тергеушілер қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны үшін; учаскелік инспекторлар – бұрын сотталған адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны және пробациялық бақылауды жеңілдеткені үшін; жол-патрульдік қызметінің инспекторлары – ЖҚЕ бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершіліктен жалтарғаны үшін; түзеу жүйесінің қызметкерлері – сотталғандарды ұстаудың «жеңілдетілген» жағдайларын қамтамасыз еткені үшін (телефонға қол жеткізу, жұмысқа орналастыру, тыйым салынған заттарды алып өту), облыс аумағынан тыс жерлерге шығу үшін пробациялық бақылауда тұрған адамдарға құжаттарды жедел ресімдегені үшін пара алған», - деп мысалдар келтірді ол.
Полициядағы жемқорлық барлық өңірлерге тән. Дегенмен өткен жыл қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан (42 қызметкер), Алматы (26) және Шымкент қалалары (23) мен Жамбыл облысы (19) жемқорлық қылмысына жол берген.
Ал, жемқорлық қылымыс бойынша орталық мемлекеттік органдардың ішінде екінші орында тұрған Қаржы министрлігіндегі қылмыстық істің дені шекарадағы кедендік бақылаудан кедергісіз тауар өткізгендердің үстінен қозғалған.
Қорғаныс министрлігінде көбіне басшылық құрам пара алады екен.
«Әскери бөлімдердің әскери қызметшілері көбінесе жалған іссапарларды ресімдеу және жеке құрамға сыйақы беру, әскери киім-кешекті, жанармай мен өзге де мүлікті есептен шығарудың жалған актілерін жасау жолымен ұрлық жасайды.Қалалық және аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармаларда негізінен мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдырғаны үшін әскерге шақырылғандардан пара бопсалап алған», - деді Анар Жарова бұған қатысты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде де жемқорлыққа жол беретін басшылық құрам екен. Ал, ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты парақорлық жайлаған ұйымдарға - Ғылыми-әдістемелік агрохимиялық қызмет», «Охотзоопром», РМҚК, Фитосанитариялық диагностика филиалы, «Қазсушар», «Ветеринариялық зертхана» мекемелері жатады.
Әкімдіктіктердің рейтингіне келсек, былтыр жергілікті атқарушы органдардың ішіндеТүркістан (37 іс), Шығыс Қазақстан (37 іс), Жамбыл (30 іс), Ақмола (19 іс), Алматы (15 іс), Қостанай (15 іс), Атырау (14 іс), Маңғыстау (14 іс) және Қызылорда (14 іс) облыстары жемқорлыққа жиі жол беріп, көш басында тұр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан