Жұмыс тобының ұсынысын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап отыр
Бүгін БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясын өткізген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 24 қаңтар күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жүктеген тапсырмалармен таныстырды.
«24 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жалпы экономикамыздың дамуы жөнінде бірқатар мәселелерді көтеріп, тапсырма берген. Соның ішінде, әлеуметтік еңбек саласында да біраз тапсырмалар беріп, ескерту жасады. Соның ішінде халыққа тікелей қатысты, қоғамда көп айтылатын мәселеге бүгін тоқталып өтейін», - деді министр.
Министр бұған дейін бірнеше рет жария еткен зейнетақы жинағын баспана алуға немесе басқа да жеке мақсатқа пайдалану мүмкіндігі туралы айтты. Бұл ұсыныстарын Аzattyq-ruhy егжей-тегжейлі жазған. Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, жаңа ұсыныстар мәселенің екінші қырын, яғни, Қазақстанның зейнетақы жүйесі дұрыс жетілмегенін және азаматтар зейнетақы жүйесіне немқұрайлы қарап, жинақтарын қадағаламай жүргенін көрсетіп отыр.
«Жинақтаушы зейнетақы қорында азаматтардың 10.4 трлн теңге жинақтары бар. Қазақстан бойынша 9,9 млн зейнетақы есепшоты бар. Өкінішке қарай, салымдардың мөлшеріне келсек, 53 пайыз жинақтың көлемі 500 мың теңгеге дейін ғана. 16 пайызы 500 мың теңге мен 1 млн теңге арасында. Жинақтардың 15 пайызындағы салым мөлшері – 1 млн теңге мен 2 млн теңге арасында Яғни, салымшылардың 84 пайызында жинақ мөлшері тек 2 млн теңгеден аспайды. Осыны ескере отырып, үкіметтің ұсынысы - жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру керек», - деді.
Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмыс істегеніне 21 жыл толды дей келе министр «дамыған елдерде бұндай жүйенің қалыптасыуына 35-40 жылдай уақыт керек» дейді. Зейнетақы қорындағы салымның көп болуы үшін министр екінші мақсат ретінде халықтың табысын ұлғайтып, сол арқылы инвестициялық табысты да көбейту керек деп атап өтті.
Біржан Нұрымбетов зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін баспана алуға пайдалану туралы үкіметтің алдыңғы ұсынысы өзгеріссіз қалып отыр деді. Дегенмен, бұған дейін министр Президенттің тапсырмасына орай, зейнетақы салымдарын пайдалана алатын халықтың санын ұлғайту үшін тағы екі ай жұмыс істейміз деп мәлім еткен болатын.
Ал, бүгін жаңа ұсыныс ретінде зейнет жасына толған азаматтар үшін қордағы ақшаның елу пайызын бір ретпен алу тетігін қарастырдық дейді. Айта кетейік, қазір зейнеткерлер зейнетке шықса да, қорда өмір бойы жинаған ақшасын тек ай-айға бөліп қана ала алады.
«Екінші категория – зейнет жасына жеткендер. Зейнет жасына жетіп, бірақ жинақтаушы зейнетақы қорында ақшалары бар азаматтар қазіргі заң бойынша тек қана ай сайын ала алады. Біздің ұсынысымыз бойынша, сол жердегі жинағының 50 пайызын ала берсе дейміз. Бір ғана шартпен: ол кісінің жинақтаушы қорында қалған ақшасы және мемлекет тарапынан алатын базалық зейнетақысы мен еңбек зейнетақысын қосқанда, жарнада қалатын ақшасы ең аз дегенде бұрын алып жүрген жалақысының 40 пайызынан төмен болмауы керек», - деді ол.
«Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында өз пікірін айтты, алғашқы маңызды қадам жасалды деді және «біздің мақсат жинақтардың бәрін таратып беру емес, азаматтардың қарттығын қамтамасыз ету, жалақыларын көлеңкеден шығару» деді министр. Үкімет пен ұлттық банк кезеңімен осы мүмкіндікті беруге болатын азаматтардың ортасын кеңейтуді қарастырып жатыр.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан