«Тағы бір рет есептейміз» - Сапарбаев зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану жайлы

Автор: Azattyq Rýhy

Вице-премьер осы мәселеге байланысты ертең жұмыс тобының отырысы өтетінін айтты

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін журналистерге зейнетақы қорындағы қаржыны үй алу мен емделуге жұмсау бойынша пікір білдірді.

«Бүгінгі таңда 200 мыңнан көп адам зейнетақы жарналарын тұрғын үй алу мен емделуге пайдалана алатыны анықталды. Енді біз Ұлттық банкпен, қаржыны бақылау агенттігімен жұмыс істеп, сол тізімге тағы қандай адамдар кіретінін түгендейміз. Ертең жұмыс тобының отырысын өткіземіз. Алдында зейнетақы қорында 10-11 млн теңге жиналған болса, ол ақшаны пайдалануға болатынын айтқанбыз. Біз соны қосымша тағы бір рет есептейміз. Әйел адам ба, ер адам ба, айырмашылық жоқ. Бастысы қордағы жиналған ақшаға байланысты», - деді вице-премьер.

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жарнасын пайдалану мәселесінде алғашқы қадам жасалғанын айтқан еді.

«Біздің мақсатымыз - қазір ақшаны бәріне таратып беріп, сосын адамдарды қартайғанда зейнетақысыз қалдыру емес. Үкімет пен Ұлттық банк реформаларды бастады. Жайлап мұндай мүмкіндікке ие адамдарды көбейтеміз. Сонымен бірге зейнетақы жүйесін модернизациялауды жылдамдату керек. Оның айналасында пікірталас көп, жыл ортасына дейін шешімдер қабылдануы тиіс», - деді Тоқаев.

Еске салайық, бұған дейін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жұмыс істейтін 113 мың қазақстандық пен 120 мың зейнеткер қорындағы ақшасын үй мен емге жұмсауға рұқсат алғаны туралы ақпарат берген. Оның айтуынша, бұл категорияға қорда жиған ақшасы 10 млн теңгеге жеткен әйелдер мен зейнетақы жинағы 12 млн теңге болған ер адамдар кірді. Ал, зейнетке шыққан азаматтар осы сомадан асқан ақшаның тек 40%-ын пайдалана алады.  

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан