$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.04.2022, 15:22
Үкімет

Әлихан Смайылов БҚО-дағы күре жолдарды жөндеу қарқынын жеделдетуді тапсырды

Күре жолдардың жағдайы – Батыс Қазақстан облысындағы ең күрделі мәселелердің бірі

Әлихан Смайылов БҚО-дағы күре жолдарды жөндеу қарқынын жеделдетуді тапсырды

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді. Үкімет басшысы өңірдегі бірқатар кәсіпорынды, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне өңірдегі жолдарды жөндеу бойынша барлық қажетті шараны дереу қабылдауды тапсырды.

Осыған байланысты Үкімет басшысы бірінші кезекте 94 мың тұрғыны бар 50 елдімекенді байланыстырып отырған «Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы» автожолының учаскесіне барды. Жол Қарашығанақ кен орнына дейін жетеді және Ресейге транзиттік дәліз болып отыр.

Қазіргі уақытта күре жолдың жағдайы өте нашар, әрі-бері өткен Қазақстан мен басқа да елдердің ондаған мың азаматы жол азабын тартып отыр.

«Күре жолдардың жағдайы – Батыс Қазақстан облысындағы ең күрделі мәселелердің бірі. Биылғы жылы біз бұл жұмыстардың ауқымды бөлігін аяқтауымыз керек. Осыдан үш жыл бұрын басталған бұл жобалар қаржының жетіспеушілігінен бітпей қалды. Биыл жолдарды жөндеуге 15 млрд теңге көзделген, егер жұмыс қарқынын тездетуге техникалық жағдай мүмкіндік берсе, қосымша қаражат бөлуге болады. Бюджетті нақтылау кезінде біз Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы автомобиль жолына арнайы 6 млрд теңге қарастырдық. Жолдарды жөндеу жұмыстарын 2022-2023 жылдары аяқтау қажет», – деді Әлихан Самйылов.

Үкімет басшысы облыс әкімдігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, бұл мәселені бақылауда ұстап, қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұдан кейін Премьер-министр өсімдік майы мен күнжара өндіретін кәсіпорын «Пойма май комбинаты» ЖШС-ға барды.

Зауытта 135 адам жұмыс істейді, ал оның өнімі (жылына шамамен 50 мың тонна) тек БҚО-да және көршілес облыстарда ғана емес, сондай-ақ Түркіменстанда, Өзбекстанда, Ауғанстанда, Тәжікстанда және Ресейде сұранысқа ие.

2,8 млрд теңге мемлекеттік қолдау алған кәсіпорын «айналым схемасы» арқылы бағаны тұрақтандыру саясатын іске асыруға белсенді қатысуда, соның арқасында өсімдік майының бағасы айтарлықтай төмендеді.

«Өздеріңіз білетіндей, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Осыған байланысты нарықты отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен толықтыру бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Олардың ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары – бірінші кезекте. Нарықты күнбағыс майымен қамтамасыз ету үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Осы мақсатта күнбағыс тұқымы мен күнбағыс майын шығаруға квота енгізілгені белгілі», – деді ҚР Премьер-министрі.
 

Серіктес жаңалықтары