Биыл республикалық бюджеттің шығыстары 2,7 трлн теңгеге ұлғаяды - Қаржы министрі

Автор: Azattyq Rýhy

Оның 197 млрд теңгесі халықтың табысын арттыруға бағытталмақ

Фото: ашық дереккөзден

Еліміздің Қаржы министрі Үкімет отырысында 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасын ұсынды. Онда бюджет шығыстар 2,7 трлн теңгеге ұлғайтылғаны айтылды. 

Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмалары, бағдарламалық құжаттардың іс-шаралары, макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты шығыстар, сондай-ақ бұрын қабылданған шұғыл міндеттемелерді іске асыруға арналған қосымша қаражат ескерілгені мәлім болды. 

«Бюджет шығыстары келесі көздер есебінен ұлғайтылды: 

- бюджеттің өз кірістері -1,1 трлн теңге; 
- Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті ұлғайту -  1,6 трлн теңге. 

Президенттің тапсырмаларын іске асыруға қосымша 1,8 трлн теңге бағытталады», - дейді Ерұлан Жамаубаев. 

Халықтың табысын арттыру бойынша жалпы шығыстары 197 млрд теңгені құрайды. Осы қаражат шеңберінде жастарды қолдау, өз бизнесін ашу үшін микрокредиттер беру, жалға алынған тұрғын үй үшін төлемнің бір бөлігін субсидиялау және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған басқа да маңызды іс-шаралар қамтамасыз етілмек. 

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары шеңберіндегі іс-шараларға 238 млрд теңге қарастырылады.  

«Қосымша қаражат агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемін ұлғайтуға және ауыл шаруашылығындағы басқа да мәселелерді шешуге бағытталатын болады», - деді ведомство басшысы. 

Сондай-ақ, жалпы сомасы 476 млрд теңге өңірлерді дамытуға бағытталмақ. Оның ішінде 271 млрд теңге немесе 57% батыс және оңтүстік өңірлерді дамытуға жұмсалады. 

«Жалпы алғанда, нақтылауды ескере отырып, өңірлерге республикалық бюджеттен 5,5 трлн теңгеден астам қаражат немесе жалпы шығыстардың 29,3%-і бағытталады. Сондай-ақ, қосымша қаражат шеңберінде инфляция дәлізінің өзгеруіне байланысты әлеуметтік төлемдерді индекстеуге арналған шығыстар көзделген. Бұл 110 млрд теңгеден асады», - деді Жамаубаев.  

Нәтижесінде республикалық бюджеттің параметрлері бойынша бюджет түсімдері 15,8 трлн теңгені (2,7 трлн теңгеге ұлғаюмен) немесе жалпы ішкі өнімге 17,3%-ті құрайды. Шығыстар 18,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 20,5% деңгейінде болжануда. 
Осылайша  Үкімет биылғы республикалық бюджетті нақтылау тәсілдерін мақұлдап, Заң жобасын Парламентке енгізді.