ШұғылЕлімізде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді

Республикалық бюджетті тиісті деңгейде игермей отырған министрліктер жайлы айтылды

Игерілмеген сома - 24 млрд теңге

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Соңғы 8 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,2%, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,7%, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,8%-ға атқарылды. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Республикалық бюджет бойынша 9,9 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 31 млрд теңгені, оның ішінде үнемдеу 7 млрд теңгені құрады. Игерілмегені - 24 млрд теңге. Неғұрлым игерілмеген ірі сома Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Мәдениет және спорт, Әділет, Төтенше жағдайлар министрліктеріне тиесілі», - деп нақтылады ведомство басшысы.

Қаржы министрі игерілмеудің негізгі себебін бірқатар құжаттармен байланыстырды. Мәселен, төлемнің негізділігін растайтын құжаттарды, тиісті актілерді және шот-фактураларды уақытылы ұсынбау.

Ал жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,2 трлн теңгені құраған. Бұдан бөлек, биыл өңірлерге 2,5 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. 1 қыркүйекке оларға 1 трлн 358 млрд теңге бөлінді.

«Оның 98%-ы игерілді. Атқарылмағаны – 26,5 млрд теңге, оның ішінде үнемдеу – 3 млрд теңге, игерілмегені – 23,5 млрд теңге. Ең көп игерілмеу: Нұр-Сұлтан қаласы, Батыс Қазақстан облысы, Алматы қаласы, Қызылорда, Түркістан облыстарында», - деді Жамаубаев.

Сондай-ақ кірістер бойынша мемлекеттік бюджетке соңғы сегіз айда 7 трлн 139 млрд теңге сомасында кіріс түссе, республикалық қазынаға 4,6 трлн теңге қаражат түскені белгілі болды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан