Асқар Мамин Президентке Жалпыұлттық жоспар әзірленіп жатқанын жеткізді

Автор: Azattyq Rýhy

Тоқаев Үкімет басшысын Асқар Маминді қабылдады

Фото: akorda.kz

Премьер-министр Қазақстан Президентінің жолдауындағы барлық бағытты жүзеге асыру үшін 7 қыркүйекке дейін Жалпыұлттық жоспар әзірленіп, Мемлекет басшысына бекітуге енгізілетінін жеткізді. Аталған жоспар экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды, денсаулық сақтау жүйесі мен білім беру сапасының тиімділігін арттыруды және аймақтық саясатты жетілдіруді қамтиды.

Асқар Мамин еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы екі апта ішінде вирустың таралу индексі 1-ден аспаған, бүгінгі көрсеткіш – 0,87. Жұқпалы аурулар және жансақтау бөлімдеріндегі науқастар саны 40 пайызға азайған. Қазір 6,7 миллион адам вакцинаның бірінші компонентін қабылдаса, 5,5 миллион азамат екпені толық алған.

Оқи отырыңыз: «Тәртіп орнататын кез келді»: Тоқаев Үкіметке бір ай уақыт берді

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа импортқа тәуелділікті төмендетуге және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының құбылуына жол бермеуге қатысты алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жөнінде, егін жинау науқанының барысы мен еліміздегі экономикалық дамудың басқа да өзекті мәселелері туралы айтылды.

Кездесу соңында Президент Премьер-министрге жолдауды толық жүзеге асыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды түбегейлі жақсарту үшін Үкімет пен аймақ әкімдерінің үйлесімді әрі тиімді жұмысы аса маңызды екенін атап өтті.