16 құтқарушы мен екі тікұшақтан құралған арнайы топ 300 тоннадай су шашты
Түркиядағы табиғи өрттерді сөндіруге аттанған ҚР ТЖМ құтқарушылары өз миссиясын аяқтады. Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Украина, Польша, Австрия, АҚШ, Беларусь, Иран, Испания және Швейцария сияқты мемлекеттердің басқа экипаждарымен бірге Даламан қаласының маңындағы өрттер толығымен жойылды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Орман алқабына жайылған өртті сөндіру үшін қазақстандық құтқарушылар 8 тәулік бойы ауқымды жұмыс атқарды. 16 құтқарушы мен екі тікұшақтан құралған арнайы топ жалпы көлемі 300 тоннадай болатын 80 циклды су шашты. 18 тамыздағы жағдай бойынша бекітілген аумақта өрт локализацияланды және жойылды.
20 тамыз күні Түркия уақыты бойынша таңғы сағат 06-00 Даламан қаласының әкімдігі және Түркия Республикасы Ауыл және орман шаруашылығы министрлігінің өкілдері қазақстандық құтқарушыларды шығарып салады деп жоспарланған.