Мониторинг топтардың бизнес субъектілерін қалай тексеретіні түсініксіз - «Атамекен» ҰКП
Ashyq жобасының көшбасшыларына сағат 24:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат ету ұсынылды
Елімізде Ashyq қосымшасын қолданушылар саны 4 миллионнан асты. 12 сәуірден бері өзін-өзі оқшаулау режимін бұзған 46 мың адам анықталды, олардың 29 мыңнан астамы «қызыл» және 16 мыңы «сары» түстегілер. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Шілде айының басынан бастап, сауда орталықтары және базарлар еріктілер ретінде жобаға кіріп, кейіннен жобаның толыққанды қатысушысына айналды. 200 мыңға жуық сауда субъектілерінің қосылуы арқылы жобаның ауқымы ұлғайды және «карантинді бұзушыларды» анықтау 10 есеге өсті. Жобаға қосылуда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды және Атырау облыстары белсенділік танытып отыр», - деді Нариман Әбілшайықов.
Кейбір кәсіпкерліктер Ashyq жобасының QR-ын алғанымен, келушілерді тіркемеген. ВАК шешімімен қойылған талаптарға бағынбаған субъектілер мониторинг топтардың тексеруінсіз-ақ жобадан шығарылғаны белгілі болды.
«10 мыңнан аса бизнес субъектілері жобадан уақытша алынып тасталады. ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, аутсайдерлер алғашқы кезде 1 аптаға, қайталанған жағдайда 2 аптаға және 3-ші бұзушылық анықталған жағдайда 1 ай мерзімге жобадан шығарылады», - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар, Нариман Әбілшайықов өз баяндамасында Үкіметтен бірқатар мәселелерге қатысты қолдау сұрады. Оның ішінде әсіресе мониторинг топтардың жұмысына қатысты сұрақтар туындағаны айтылды.
«Жобаның адал қатысушыларын ынталандыру мақсатында оларға демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат етуді сұраймыз, бастапқыда «қоңыр-қызыл» аймақта сенбі күні сағат 22:00-ге дейін, ал Ashyq жобасының көшбасшыларына сағат 24:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етуді ұсынамыз. Сондай-ақ, 10 тамыздан бастап қызметкерлерді міндетті түрде бірінші компонентін алу күшіне енді. Осы орайда, нақты тексеру алгоритмі бекітілмеген мониторинг топтар субъектілерді қалай тексеретіні де түсініксіз. Өңірлерде болған түрлі жағдайларға байланысты Ashyq жобасы бойынша Бас мемлекеттік санитар дәрігердің бірыңғай қаулысын орнатуды ұсынамыз. Бұған дейін бұл ұсыныс ескерілген болатын, бірақ «қызыл» аймақ енбей қалып отыр. Осы талапты «қызыл» аймақтағы өңірлерге таратуды сұраймыз», - деді Нариман Әбілшайықов.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан