Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы қиын жағдайда қалған шаруаларға нендей көмек берілетінін айтты
Маңғыстау және Қызылорда облыстарына жем-шөп бағасын арзандату мақсатында Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, аталған екі өңірге Азық-түлік корпорациясы тарапынан нарықтан 17 пайызға төмен бағамен арпа сатылғаны белгілі болды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығы өткен жиын барысында айтылды.
«Маңғыстау облысында туындаған мәселені шешу үшін Үкімет резервінен 1,9 млрд теңге бөлініп, ол қаражат қазір жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары арасында бөлінді. Бұл сома мал азығын арзандату жұмыстарына бағытталмақ. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 5,3 млрд теңге қарастырылып жатыр. Ол қаражат жем-шөпті Ақтөбе және БҚО-нан сатып алуға жұмсалады. Нақтырақ айтқанда, оған 25 мың тонна шөп және 57 мың жем (арпа, кебек) алынатын болады. Біздің мақсатымыз сол шөпті қыркүйек айының ортасына дейін Маңғыстау облысының аудандарына жеткізіп қою. Егер де қыста шөп тапшылығы бола қалса, соны қор ретінде пайдаланамыз. Сонымен қатар, Қызылорда облысына 1,7 млрд теңге бөлдік, ол 20 тамыздан бастап үлестіріледі», - деді Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев.
Еліміздің батыс аймағына жем-шөпті тасымалдауда «Қазақстан Темір жолы» АҚ тамыз айының соңына дейін тарифті 77 пайызға төмен бағада сақтамақ екен. Белгілі болғандай, соңғы мәліметтер бойынша тек Батыс Қазақстан облысына еріктілер 22 вагон шөп жөнелткен, алда тағы 25 вагон дайын тұр. Бұдан бөлек, Павлодар облысында 20 шақты, Алматы облысында 15 вагон шөп тиелген, тағы 50-ге жуық вагон жөнелтуге дайын.
«Волонтерлік көмек пен мемлекеттің дәрменсіздігін байланыстыруға түбегейлі қарсымын. Бұл біздің халқымыздың қол ұшын созудағы ниеті, ең керемет қасиеті. Осыған орай біз еріктілерге көмектесейік деп шештік. Бұл жерге әкімдіктер қосылуға тиіс. Өйткені, кейбір мәселелер тек жергілікті органдардың көмегімен шешіледі. Мен Маңғыстау облысының әкімдігінен Қазақстанның барлық азаматтары мен ұжымдары қайырымдылық жібере алатын арнайы шот ашуды өтіндім. Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерлері мұқтаж фермерлерге және Маңғыстау облысының жеке шаруа қожалықтарына бір күндік жалақысын аударды. Басқа компаниялар да шетте қалмайды деп ойлаймын», - деді Қарашөкеев.
Маңғыстаудың малдардың қырылуын тоқтату - министрліктің қазіргі басты міндеті. Бұл ретте ведомство ең алдымен аналық бастарды аман алып қалудың қамын жасап жатқаны белгілі болды.
«Негізі статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, жыл сайын Маңғыстау облысында 4-4,5 мың мал басы шығыны болып тұрады. Бүгінгі күні ресми ақпараттар бойына 1559 мал басы шығынға ұшырады. Басты мақсатымыз - малдың аналық басын наурызға дейін қыстан аман-есен алып шығу. Сонлықтан мал азығын қорын аудандарға жіберуді көздеп отырмыз», - деді ол.
Маңғыстау облысында қордаланған тағы бір мәселе – малдардың тіркелмеу фактісі. Ал малы есепке алынбаған шаруаның шығынын мемлекет өтемейді, тіпті көмек алуға да мүмкіндіктері жоқ.
«Шілде айында Маңғыстау облысының 5 ауданын аралаған кезде біз шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарға жуырда жасыл дәліз жариялайтынымызды хабарладық. Қазір ол басталды. Біздің талапатар бойынша төлденген мал бір жасқа толғанша жүйеге тіркелу керек», - деді министр.
Батыстағы қуаңшылық салдарынан туындаған мал шығыны мәселесі ет бағасына әсер етуі мүмкін деген болжам болды. Министрдің айтуынша, мұндай өзекті мәселе тек бізде ғана емес, әлемнің өзге елдерінде де бар.
«БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының хабарлауынша, алдағы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы 30 пайызға дейін қымбаттайды. Өйткені, қуаңшылық пен су тасқыны әлемнің өзге жерлерінде де болып жатыр. Сіздер бидайдың әлемдік нарығына қараңыздар... Канада, АҚШ елдеріне жасалған болжамды қараңыздар. Азық-түлік бағасы әлем бойынша қымбаттап жатыр. Сондықтан да ет бағасының қымбаттауы әбден мүмкін. Бірақ қаншаға қымбаттайтынын айта алмамыз», - деді Қарашөкеев.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан