Үкімет «бәрі бақылауда» дейді, бірақ жағдай жақсаратын емес – Қасым-Жомарт Тоқаев

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы елдегі эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлағанын айтып отыр

PrimeMinister.kz

Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай күн санап нашарлап жатыр. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөніндегі жұмыс кеңесі барысында айтты, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy тілшісі.

Президенттің айтуынша, соңғы уақытта науқас адамдар саны күрт өскен.

«Күн сайын 5 мыңнан астам пациент тіркеледі. Бір апта бұрын біз бұл мәселені Үкіметтің кеңейтілген отырысында қарадық. Ол кезде Үкімет «бәрі бақылауда» деп мәлімдеді. Бірақ, өкінішке қарай, жағдай жақсаратын емес. Керісінше, эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Әсіресе, елордадағы жағдай өте күрделі», - деді Президент.

Президент Үкіметке эпидемиологиялық ахуалды жақсартуға бір ай уақыт берді.

«Бүгінгі күні көтерілген барлық мәселе Үкіметтің ерекше бақылауында болуы тиіс. Жедел іс-қимылдың нақты жоспары қажет. Қабылданған шаралар туралы бір ай мерзімде баяндауыңызды сұраймын», - деді Мемлекет басшысы елдегі коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте.