Қазақстан мен Ауғанстан әскери ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге қол қойды

Автор: Azattyq Rýhy

Ауғанстан төңірегіндегі ахуал жөніндегі мәселелер талқыланды

ҚР Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев пен Ауғанстан президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Хамдулла Мохиб кездесті.

Кездесуде Ауғанстан төңірегіндегі ахуал жөніндегі мәселелер талқыланды. Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев еліміз Ауғанстандағы республикалық демократиялық жүйенің сақталуын қолдайтынын атап өтті. Министр шетел әскерлерінің шығарылуы елдегі жағдайды тұрақтандыруға негіз болады, сондай-ақ қақтығысушы тараптардың келіспеушіліктерін жою үшін ымыралы шешімдер табылады деген үмітін білдірді.

Кездесу соңында ҚР Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге қол қойылды.

Аталмыш құжат 2017 жылғы шілде айында Ауғанстан президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Мохаммад Атмардың Қазақстанға сапары барысында жасалған келісімі негізінде әзірленді.